«Қазақ мәдениетіне қарсы қылмыс». Қазақстан анимация киносы қауымдастығының төрағасы Абаевқа үндеу жолдады
Киногерлер қауымы ереуілге шықпақ
Қазақстан анимация киносы қауымдастығының төрағасы Ғали Мырзашев ұлттық анимацияны дамыту үшін шетелдік мамандарды тартуға қарсылық білдірді. Ол отандық кино саласында сыбайластық жалғаса беретін болса, киногерлер қауымы түгел ереуілге шығуға мәжбүр болатынын мәлімдеді.
Кеше Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Қазақанимация» бірлестігі құрылатынын, оған әлемнің бірнеше жетекші анимациялық студиясынан шетелдік мамандар тарту көзделіп отырғанын хабарлаған болатын. Жиынға Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ақан Сатаев қатысты.
Ғали Мырзашев Абаевтың ұлттық анимацияны дамыту үшін шетелдік мамандарды тарту туралы бастамасын қазақ мәдениетіне қарсы әрекет деп біледі. Өйткені анимация – идеологиялық майдан болғандықтан, ұлттық сана мен тарихи таным алдыңғы орынға шығуы тиіс.
Мен, маман Ғали Мырзашев сіздерге үндеумен шығуға мәжбүр болып отырған жайым бар. Кеше министр Абаевтың қазақ анимация орталығы ашылады, оған шетелден маман шақырамыз деген ақпараты түбегейлі қазақ халқына, қазақ мәдениетіне қарсы әрекет. Мен – маман, мен – әке, мен – ата ретінде қазақ анимациясын 3-4 жыл ішінде халықаралық деңгейге көтеремін, елді риза қыламын дегеніме көңіл аудармайды. Өйткені мен сияқтылар коррупцияға жол бермейміз. Қазақ елі, егер осындай үрдіс белең ала беретін болса, мен сияқты, мен бастаған адамдар ереуілге шығамыз. Билік, сіздер осындай жын-ойнақты жалғастыра берсеңіздер, бұл – халыққа қарсы қылмыс болмақ. Біз бұған түбегейлі қарсымыз. Ал шетел өндірісіне зәру болсаңыздар, әне, Николедион арнасы сарнап тұр, бірақ фильмдерінде «қан мен тер», қазақтың рухы жоқ, - деді Ғали Мырзашев өзінің фейсбук парақшасында.
Ол экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының да Мәжіліс отырысында ресейлік компанияларға мультфильм түсіру туралы орынсыз ұсыныс айтқанын атап өтті.
«Өздеріңіз білесіздер бұрынғы министр де бізді, халықты күлкіге айналдырғаны белгілі. Мұхамедиұлы 2018 жылы танымал «Маша мен аю» мультсериалының авторларына тапсырыс беріп, брендке айналдырамыз деген болатын. Кинематографистер қауымы, басшылары, сіздер қорқақсыздар! Сіздер бәсекелес орта қалыптастыра алмай, тіпті талап етпей отырсыздар. Былтыр питчингтен менің «Байқоңыр» атты жобам өткенде, министр оны қоқысқа тастады. Оған жол берген сіздердің қорқақтықтарыңыз. Егер осылай, шетелге бүйрегі бұратын ақтамінерлер ұта берсе, онда жалпы қазақ әйеліне бала тауып, емізіп, рухани өсірудің не қажеті бар. Онда халқы көп Үндістан елінен миллион баланы асырап ала салайық», - деді Ғали Мырзашев.
Маман Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында жыл сайын өтетін іріктеу питчингі әділ өтпейтіндігін, сондай-ақ эксперттік кеңеске анимация саласынан хабары жоқ мамандар бекітілгенін сынға алды.
«Питчингтің ашық өтуін, және сол жерде әділ дауыс беру арқылы өткізуді талап етемін! Мәдениет және спорт министрлігі эксперттік кеңесті таратуы тиіс, себебі шенеуніктер өздерінің таныс-білістерін қойып отыр. Биыл кеңес мүшелігіндегі 16 адамның тек жетеуі ғана қатысты. Барып тұрған тәртіпсіздік! Анимация өнерінен хабары жоқ адамдар не істеп отыр?! Қадірменді әріптестер, қоғамдық ұйымдар төрағалары, қорықпаңыздар, бәсекелі орта қалыптастырыңыздар! Сонда ғана салауатты ел боламыз», - деді Ғали Мырзашев.
Ғали Мырзашев – кескіндемеші, мультипликатор, кино режиссер. Ол көптеген халықаралық көрмелердің лауреаты атанған. Маман «Қазақмультфильм» атты ұлттық анимациялық орталық құрылуы қажеттігін он жылдан бері тұрақты айтып келе жатыр.