Ол Украинадағы қырғынға Батыс елдерін кінәлады
РФ президенті Владимир Путин Мемлекеттік думада Ресейдің Украинадағы соғысқа әлі шындап кіріспегенін айтты.
Бүгін Батыс елдерінің де Украинаның да бізді майданда жеңгілері келетінін естідік. Оған не дейміз?! Шамалары келсе, көрсін. Батыстың соңғы украинның қасық қаны қалғанша бізбен соғысатынын талай рет естідік. Бұл Украина халқы үшін қасірет. Өкінішке қарай, бәрі соған бара жатқан секілді, – деді Путин фракция басшыларымен кездесуде.
Путин Ресейдің бейбіт келіссөзден бас тартпайтынын мәлімдеді. Алайда уақыт өткен сайын Ресеймен келісімге келуге қиындайтынын жасырмады.
Біз соғысқа әлі шындап кіріскен жоқпыз, – деді ол.
Сонымен бірге ол АҚШ бастаған Батыс елдері ондаған жылдардан бері Ресейге қатысты агрессия танытып келе жатқанын айтты.
Неге дейсіздер ме? Өйткені, оларға Ресей секілді алып ел керек емес. Сондықтан олар Ресейдегі терроризмді, сепаратизмді, еліміздегі деструктивті күштер мен бесінші колоннаны қолдайды, – деді Путин.
Ресей президенті Украинадағы соғысқа ең алдымен Батыс елдері жауапты екенін мәлімдеді.
Батыс 2014 жылы Майданды қолдады. Украианда болып жатқан қазіргі жағдайға Батыс елдері кінәлі. Олар Донбастағы адамдарға қатысты геноцидті қолдап, ақтап келді, – деді Кремльдің қожайыны.
Путиннің айтуынша, Батыс елдері алға қойған мақсатына жетті. Батыстың мақсаты – Ресейді толығымен құрту. Сол үшін соғыс өртін тұтандырып, Ресеймен күрестің жаңа кезеңіне өтті.
Бейбіт заманда Ресейдің шаңырағын шайқалту мүмкін болмады. Сол себептен олар Ресей мен Украинаның соғысын күтіп, дегендеріне жетті. Соғыс басталды, санкция да енгізілді. Жаймашуақ, мамыражай кезде мұны жасау қиын болар еді, – деді Путин.
Путин сөз соңында Ресейдің «арнайы операцияны» бастағанын түсіну керектігін айтты.