×

Ақжүрек Таңатаров Күрес федерациясын сынға алды

Ол шын таланттардың тасада қалып жатқанын айтты

 Дастан Жұмабекұлы 11.07.2022 | 16:11
фото: massaget.kz

Еркін күрестен Лондон Олимпиадасының және әлем чемпионатының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров bassport.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан күрес федерациясын қатаң сынға алды.

Ол балуандардың халықаралық жарыстардағы сәтсіздіктерін спортшылардан емес, Күрес федерациясынан көру керектігін айтты.

Сұхбатта Таңатаров биылғы ел чемпионатының екі рет өткізілгеніне наразылық білдіріп, жарыстың тамыр-таныстарын халақаралық турнирлерге тықпалау үшін ұйымдастырылғанын атап көрсетті.  

Дені дұрыс федерациялар жыл басталарда маусымның толық күнтізбесін жасайды. Соған сәйкес, ең әуелі Қазақстан чемпионаты өткізіліп, сол жерде жүлделі орын алған балуандар ірі халықаралық жарыстарға, Азия және әлем чемпионатына қатысады. Жоспар бойынша, былтырғы желтоқсанның аяғында Қазақстан чемпионаты болды. Сол белдесуде үздік үштікке енген балуандар биылғы әлемдік бәсекеде ел намысын қорғауы тиіс еді. Алайда Күрес федерациясы жылдың бел ортасы болғанда тағы да чемпионат өткізді. Не үшін? Әрине, өз адамдарын тықпалау үшін, –  деді ол.

Ол осыған байланысты былтырғы ел чемпиондарының ұлттық құраманың қатарына қосылмай, шеттеліп қалағанын, олардың қазір қайда жүргенін ешкімнің білмейтінін айтып, күресі дамыған елдерде ұлттық чемпионаттың жүлдегерлерін жаттықтырушылар жақсылап тексеріп, кімнің қандай жарысқа қатысатынын реттеп қоятынын айтты.

Ал бізде жаттықтырушыға мұндай мүмкіндік берілмейді. Федерация өзі араласып, керек болса, тағы бір ел чемпиоантын өткізе салады. Қазір Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері қандай жарысқа баратынын білмей, «құмалақ шашып» отыр. Федерация қалың ұйқыда. Бізде бәрі: «Күрестен қашан алтын аламыз, қазақ жігіттері, қазақ балуандары ояну керек», дейді. Шын мәнінде, балуандар емес, Федерация ояну керек. Дәулет Тұрлыхановтың өзі еліміздегі күресті қолға алды ғой, ендеше, дұрыстап дамытсын. Жоспарлы түрде жарыстар өтіп, чемпионатта үздік атанғандарға мүмкіндік берілсін. Федерацияда күресті түсінетін адамдар отырсын. Қазір Мұзафаров деген вице-президент бар. Сол кісіден: «Күресте не істеп жүрсің?!», деп сұрайтын адам бар ма екен? Ол кісінің күреске қандай қызметі өтіпті? Көршілес Ресейде Олимпиада чемпионы Михаил Мамиашвили күрес тізгінін берік ұстап отыр, нәтижесі де керемет. Бізде неге еркін күрестің нағыз майталмандарына орын жоқ? Мәулен Мамыров ағамыз қайда? Сол кісінің федерацияда отыратындай еңбегі сіңді емес пе?  Ислам Байрамуков ағамызды неге жолатпайды? Күрестің нағыз жанашырлары сыртта қалып жатыр, –  деді Таңатаров.

Осы ретте, ол халықаралық турнирлерге елішілік жарыстарда үздік үштікке енбеген спортшылардың қатысып жатқанын айтып, федерацияның балуандарды құрама командаға іріктеуге ақылға қонымсыз істермен айналысып отырғанын ескертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама