«Киік еті тез бұзылады». Экобелсенді министрліктің киік етінен консерві жасау идеясын сынға алды
Сәкен Ділдахмет киік санын реттеуге қатысты министрліктің нақты бір жоспары жоқтығын айтады
Экобелсенді Сәкен Ділдахметтің айтуынша, киікті өндірістік бағытта жаратуға қатысты Экология министрлігінде нақты бір бағдарлама жоқ.
«Министрлік мүйізін сақтап, етін комбинаттарға (консерві жасау үшін) тарату мәселесін қарастырып жатыр. Ол да рет-ретімен жүруі керек. Етті комбинатқа жіберетін болса, өте үлкен мұздатқыштар керек. Ет бұзылып кетпеуі керек. Киік қой сияқты емес, еті тез бұзылады. Одан қалды, киік етін жеуге бола ма, болмай ма деген сұрақ. Еттің құрамында ауру да болуы мүмкін. Қарап отырсақ, киікке қатысты нақты шешілген бағдарлама жоқ», дейді ол.
Сарапшының ойынша, киіктің бір тушасын 40 келі деп алсақ, 80 мың бас - орта есеппен 3,2 млн келі ет.
Жалпы, кезінде «Охотзоопром» қызмектері броконьерлер қолынан қаза тапқанда Қазақстан халқы ел болып қайғы жамылды. Сарапшы сол бір оқиғадан кейін киікті атуға рұқсат беру ақылға қонымсыз шара екенін айтады.
Қоғамның протестік көңіл-күйін ескеру керек еді. Сонау 2000 жылдары киік санын реттеуді бастадық. «Ескертеміз, ату жұмыстарымен реттеледі» деп, алдын ала халыққа жеткізе бергенде түсіністікпен қарар еді. Қазір киікті ату бойынша жабық ақпараттық жұмыс жүргізді. Нақты шешімдері де болмады. Қазірдің өзінде нақты жоспары жоқ. Сондықтан халық тарапынан үлкен негативті толқынды күтуге болады, – дейді экобелсенді.
Оның сөзінше, қазіргі қазақ даласындағы 1 318 000 киік тек термен жеткен жоқ, қанмен келген көреткіш. Сондықтан, киікті өндірістік мақсатта қолданғымыз келсе, онда барынша санын көбейтіп алу керектігін айтады.
«Ол үшін ет комбинаттарын даярлау керек. Мүйізін сыртқы нарыққа сатар болсақ, онда халықаралық СИТЕС конвенциясына сәйкес, нөлдік квота бар, соған өзгеріс енгізу керек. Алатын компанияларды табу керек. Ұлттық фармацевтикаға қолданар болсақ, фармацевтикалық компаниялармен келісіп, оның мүйізі, древаттары, тұяғының пайдасын зертеу керек. Осының бәрі атқарылуы керек еді. Оған бізде көп ғылым саласының кенже қалуы кедергі болып тұр», дейді ол.