Қытай спортшыларының кесірінен Қазақстан құрамасы құрдымға кетті
Қазақстандық зілтемірші, Лондонда өткен Олимпиадаға қатысқан Алмас Өтешов журналист Ғалым Сүлейменнің You tube-тегі «Берен Live» арнасында ауыр атлетика төңірегіндегі дау-дамай туралы кеңірек айтып берді.
Ол 1994 – 2016 жылдары ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы болған Алексей Нидің Илья Ильин бопсалап, үйін қалай тартып алғанын, допинг дауына іліккен спортшылардың кейінгі тағдырлары туралы айтты.
Мен Ильямен 2002 жылдан бері доспын. Екеуміз бірге дайындалып, базада бір бөлмеде тұратынбыз. Ильиннің 17 жасында ересектер арасындағы әлем чемпионы атанғанын білесіздер. Елге келген соң оған Қызылордадан пәтер, қомақты сыйақы берді. Ол сыйақыға Алматыдағы Тимирязев пен Байзақов көшелерінің қиылысынан пәтер сатып алды. Сол жылдары Халықаралық ауыр атлетика федерациясын венгриялық Томаш Аян басқарған болатын. 2008 жылғы Қазақстанға Бейжің Олимпиадасының қарсаңында Халықаралық федерацияның допинг агенттері келіп, тексеріс жүргізді. Сол кезде Алексей Ни Ильяны шақырып алып: «Сен допинг қолдандың, соны шешу керек», деп оны бопсалаған, - деді ол.
Содан кейін ол Ильяның өз үйін қорыққаннан Ниге бере салғанын айтты.
Илья әлі жас. 18 жаста болатын. Ол қорыққаннан Алматыдағы пәтерін Алексейге бере салады. Содан кейін Ильиннің жаттықтырушысы Елжас Болтаев осы оқиғаны зерттейді. Неліктен федерацияның адамдары тексеруге келгенін әбден зерттеп, ақыр соңында Алексей Нидің Ильинді алдап соққанын түсінеді. Өйткені, Алексей пәтерді Ильиннің атынан аударып алған еді. Біреудің атына рәсімдеген. Осы оқиғалардан кейін Илья ұлттық құрамадан бөлініп, жеке жаттыға бастады. Мен де қасында болдым.
2009 жылы Илья үзіліс алады. Сол жылы Владимир Седов чемпион атанды. 2010 жылы Ильин Азия ойындарын, 2011жылы Париждегі әлем чемпионатын жеңді. Міне, содан соң ол Алексейге барып, бүкіл шындықты жайып салатынын, Елбасыға жеткізетінін айтты. Осыны естіген Алексей Ни Ильяның пәтерін қайтарып берді. Осылайша Алексей Ни Ильиннің үйін тартып алып, алдап кеткен», – деді Алмас Өтешов.
Ол әңгімеде Лондан Олимпиадасынан кейін ауыр атлетикадағы жағдайдың қиындап кеткенін, допинг дауы баршы спортшылардың өміріне кері әсер тигізгенін, Қытайдан келген ауыр атлет қыздардың кесірінен ұлттық құраманың жолы бір болмай қалғанын атап өтті.
Зүлфия Чиншанло, Майя Манезаның аттары қытайша болған. Олардың аттарын ұмытып қалдым. Солардың кесірінен Қазақстан құрамасын құртып жіберді. Ал Алексей Ни қалтаны ғана ойлады. Менің 20 жыл зілтемірді көтерген еңбегім далаға кетті.
Допинг дауына ілікеннен кейін көптеген қиындыққа тап болдық. Мемлекет тарапынан алатын стипендиядан қағылдық. Еңбекақыдан айырылдық. Ол аздай, дәуіріміз жүріп тұрған шақта арқамыздан қағып, мақтау сөздерін айтқан ағаларымыздың біразы теріс айналды. Дос-жарандар да азайды. Бір сөзбен айтсақ, тұрмыс тауқыметін біраз тарттық. Қиналған сәтте Шалқар Тәліпов пен Мұрат Өмірбек сынды кәсіпкер ағаларым қолдау көрсетті, - деді ол.
Ол допинг дауы өмірін түгел өзгерткенін айтты.
Басқаларын білмеймін, допинг дауы, сол қасірет менің өмірімді түгел өзгертті. Маған қатты соққы болды. Отбасыма зиян келді. Ұлттық құрамадан шығарып жіберді, жалақым тоқтады. Үйде үш баламды қарап отырған әйелім бар. Оларды асырау керек. Барлығы қиын болып кетті. Содан бері істемеген жұмысым қалмады. 2002 жылдан 2016 жылға дейін спорт залынан шыққан жоқпын, өміріміз түгел сонда өтті. Басқа өмірді көрмегенбіз. Темір көтеруден басқа ештеңені білмеймін. Даңқым дүркіреп тұрған кезде жалақым жаман болған жоқ. Айлықты бірнеше жерден алатын едік. Федерация, облыстық спорт бөлімі, одан бөлек демеушілердің сыйақысы бар. Ең көп алған жалақым - 1 миллион 700 мың теңге болатын, – деді Алмас Өтешов.
Оны 2016 жылы Халықаралық ауыр атлетика федерациясы допинг қолданғаны үшін төрт жылға спорттан шеттеткен болатын.