Киіктен келген шығынды өтеу бағдарламасы қабылдануы керек – Сәкен Ділдахмет

Ербол Тұрымбет

Экобелсенді 80 мың киікті атып, шаруалармен компромиске келу мүмкін еместігін айтады

Экобелсенді Сәкен Ділдахметтің айтуынша, Қазақстанның 10 облысында киік санын көбейтуге болады. Мысалы, Батыс өңірлерде толық. Қостанай, Ақмола облыстарында да жүр. Одан ары Павлодар, енді Ұлытау облысында да көбейтуге болады.

«Қызылорда мен Ұлытау облыстарында соңғы жылдары браконьерлік күшейгеннен кейін олар қашып кетті. Ал шын мәнінде олар Жамбыл облысына дейін жетеді. Қарап отырсаңыз, ареалы үлкен. Кезінде Алматы облысында да болды. Егер осының бәрін қалпына келтірсе, популяциясы өздігінен айналып жүре береді. Екіншіден, киік саны 2-3 млн-ға жетіп, артып жатса, кейін өндірістік мақсатта пайдаланса да болады. Ол Қызыл кітапқа енбеген, реттелетін, аңшылық түріне жататын жануар», - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, киік саны сонау Кеңес одағы кезінде де генофондына шығын келмейтіндей етіп реттеліп келген. Сондықтан Қазақстанда саны 3 млн-ға жетсе, мемлекет жыл сайын 20-30% реттеп тұруы тиістігін айтады.

Ал бүгінде 1 318 мың бастың ішінде атамыз деп отырған 80 мың бас Орал популяциясында, 9 мың бас Бетпақдала популяциясында. Бірақ ол шаруаның мәселесін бәрібір шешпейді. Батыс Қазақстанда 1 млн-нан астам киік болса, олар көктемде төлдейді. Ал 80 мың бас дегеніңіз тым аз. Ал мамандардың есебінше, облыс аумағында қалыпты деңгейі 300 мың бас болуы керек. Бірақ қалғанын қырып сала алмаймыз. Сондықтан ең тиімді жолы – олардың жерін, миграциялық жолын қайтарып беру, облыстардың арасындағы жолдарды ашу, сөйтіп, ареалын ашу керек», дейді Сәкен Ділдахмет.

Оның пікірінше, киіктердің миграциясын да реттеуге болады. Экодуктар салып, жол өткелдерін ашатын болса, тиісті мемлекеттік орган апталап қуса да әйтеуір бір жолмен басқа облыстарға мекенін ауыстыруға болады. Өйткені, киікке ең қажеті – су мен жайылым. Бірақ ондай жолы қарастырылмай отыр. Министрлік тек атуға тапсырма берген.

«Бұл 80 мың басты атып, шаруалармен компромиске келе алмайды. Өйткені, олар шаруаның жеріне бәрібір түседі. Оның шешімін табу жолы - киіктен келген шығынды өтеу бағдарламасы қабылдану керек. Мысалы, несиесіне 1-2 жыл каникул берсе болады. Осылай жан-жақты ескеріп, тиімді жолын табу керек», дейді белсенді.