×

Нүкістегі наразылыққа қатысқан шетелдіктер ұсталды – өзбек елшісі

Өзбек елшісі Нүкістегі жағдай мен қаңтар оқиғасы арасында қандай да бір байланыс бар ма деген сұраққа жауап берді

 Ая Өміртай 08.07.2022 | 11:45
Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі баспасөз мәслихатын өткізді

Өзбекстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев Нүкіс қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты ұсталған шетелдіктер туралы айтты. Ресми өкілдің айтуынша, Қарақалпақстандағы толқуларды сыртқы күштер алдын ала ұйымдастырған. Елші қай елдің азаматтары ұсталғанын тергеу құпиясына байланысты айта алмайтынын мәлімдеді.

«Құзырлы органдардың алдын ала жүргізген тергеу нәтижелеріне сүйеніп айта кетейін, Нүкіс қаласында болған тәртіпсіздіктер сыртқы күштердің көмегімен ұйымдастырылған. Бұл жағдай кездейсоқ емес және алдын ала дайындалған», - деді елші Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында.

Өзбек елшісі «Қарақалпақстандағы жаппай тәртіпсіздіктер мен Қазақстандағы қаңтар оқиғасының арасында байланыс бар ма?» деген Halyq Uni тілшісінің сауалына: «Сыртқы факторлардың бары рас. Аймақтарымыз бұған дейін тұрақты болып келді. Біз өз аймақтарымыздағы қауіпке бірлесе қарсы тұруымыз қажет. Бұл біреулерге ұнамайды», деп жауап берді.

Еске салайық, Қарақалпақстан астанасы Нүкіс қаласында Конституцияға енгізілген өзгертулерге қарсы жаппай наразылық өткен болатын. Осы жағдайға байланысты Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қарақалпақстан аумағында 3 шілдеден 2 тамызға дейін төтенше жағдай жариялады.

Өзбекстан президентінің жарлығымен Қарақалпақстан автономиясы туралы Өзбекстан Конституциясы өзгеріссіз қалатын болды.

ҚР сыртқы істер министрлігі Өзбекстан басшылығының Қарақалпақстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шешімдерін құптаймыз әрі қолдайтынын мәлімдеді.

Өзбекстан Бас прокуратурасының ақпаратына сәйкес, Нүкістегі наразылық кезінде 18 адам қаза тапқан. Өзбекстан Ұлттық ұланының хабарлауынша, 243 адам жараланды, олардың 94-і ауруханаға жатқызылған. Сонымен қатар, полицейлер 516 адамды ұстады. Көпшілігі қазірдің өзінде босатылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама