Экс-депутат шағын аудандардың дамуы неге кенжелеп қалғанын айтты
«AQ сөйле» жобасының кезекті қонағы - бұрын елорда аудандарында әкім, Мәжіліс депутаты болған, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Сапар Ахметов.
Сапар Ахметов сұқбатында елорданың бүгінгі келбетіне көңілі толмайтынын айтып, Нұр-Сұлтан қаласы бұрынғы имиджінен айырылып қалды деп ашық айтты.
«Қаланың қазіргі жағдайына көңілім толыққанды толмайды. Керемет имиджінен айырылып қалдық па деп ойлаймын. Өйткені астана тек зәулім ғимараттар емес, ол біздің аулаларымыз, біздің жолдарымыз, біздің гүлзарларымыз, субұрқақтарымыз, ағаштарымыз, көгалдарымыз. 10 жыл бұрынғы «газондарды» қазір таппайсыз. Неше түрлі шөп өсіп кеткен. Біркелкі көгал таба алмаймыз. Некен-саяқ», дейді С.Ахметов.
Сонымен қатар бұрынғы аудан әкімі елордадағы ағаштардың қазіргі жай-күйін айта келе, жөндеу жұмыстарын кеш жүргізу салдарынан бас шаһар жазда жарқырап тұрудан қалды деп отыр.
«Әрине, солтүстік аймақ болғаннан кейін қыстан кейін көп жұмыс жүргізілуі қажет. Өйткені үлкен техникалармен жолдарды тазалаймыз. Қаланы жөндеу жұмыстары сәуір, мамыр айларында аяқталуға тиіс. Жазда астана жарқырап тұруы керек. Бірақ өкінішке қарай біз оған қол жеткізе алмай қалдық. Соңғы 10 жылда қалада 4 рет әкім ауысты. Бірінің жобасын бірі жалғастырмады. Содан кейін шағын аудандар дамымай қалды» дейді Сапар Ахметов.