Halyq Uni логотип
×

Жоңғар Алатауын неге Қазақ Алатауы демейміз? – журналист

немесе Жаңа Қазақстанның жаңа картасын жаңаша жазатын кез жетті

 Дастан Жұмабекұлы 07.07.2022 | 17:45
Жоңғар Алатауын неге Қазақ Алатауы демейміз? – журналист
фото: sarkan-gazeta.kz

Белгілі журналист, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы Жоңғар Алатауының атауын өзгертуге қатысты ой-пікірін білдірді. Ол оның атауын Қазақ Алатауы деп өзгертуді ұсынып, осы мәселемен тиісті саланың мамандары айналысуы керектігін айтты.

Енді оқырманның назарына жазушының ой-пікірін беруді жөн көріп отырмыз.

Қырғыздар өз жеріндегі Алатауын «Қырғыз Алатауы» деп атайды. Оған қоса олардың Талас Алатауы дейтіні де бар. Олардың бұл жерде Талас деп отырғандары Қазақ елі жақтағы Талас өзені емес, Қырғыз жақтағы өздерінің Таластары. Біз жақтағы Талас өзені сол Қырғыз Алатауынан, Талас Алатауынан бастау алады.

Осы Алла жаратқан, атасы бір Алатауды Қазақстанда Іле, Жетісу Алатауы дейді. Ол аздай Жоңғар Алатауы деп те жазып, айтып жүрміз. Ата-бабамыздың мал-жанына тыныштық бермей үш жүз жылдай соғысқан жоңғарларды, сөйтіп, Алатаудай биікке өз қолымызбен көтеріп қоя саламыз. «Атаңа нәлет, жоңғар хан!» деп бір батырымыздың аузына сөз саламыз да, «оларды түп-тұқиянымен жойып жібердік» екінші биіміздің де төбесін көкке де көтеріп тастайтын небір тарихи роман-эсселер де жазамыз. Бірақ осының бәріне Жоңғар Алатауы төбелерінен мысқылдай күліп, қарап тұрады.

Ал солтүстікегі көршіміз орекеңдер өздерінің аттарын қосып жазбайтын нәрсесі қалмады десе де болады. «Орыс орман», «Орыс өзені», «Орыс қысы», «Орыс арағы», «Орыс размері», «Орыс калибрі»... Қапелімде бәрі бірдей есіме түспей отыр, осылай кете береді.

Ал біз Құдайдың өзі бере салған Алтауымызды әлі күнге дейін Жоңғар Алатауы дейміз. Неге? Тарихшыларымыз, жағрапияшыларымыз неге осы мәселені түпкіштей зерттемейді? Бір замандарда жоңғарлар жайлаған жер екен деп, оны ескі Ресей мен кәрі Еуропа саяхатшылары солай жазды екен деп Жоңғар Алатауы дей береміз бе? Қытай солай айтады деп Тянь-Шань дейтініміз де бар. Пржевальский келіп, алғаш рет көріп, алғаш рет жазған екен деп сол тауларды мекендейтін ергежейлі жылқының түрін де Пржевальский жылқысы деп жүрміз.

Бүйте берсек Қазаққа не қалады?

Тәуелсіздіке бір адам ғана қызмет етпейді. Оған әр сала, әр маман ат салысуы керек. Сондықтан Жоңғар Алатауын Қазақ Алатауы деп атайтын, жазатын, Жаңа Қазақстанның жаңа картасын жасайтын кез келді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама