Тоқаев үш жыл біреудің көлеңкесінде жүріп уақытын өткізіп алды – Асқар Жұмаділдаев

Дастан Жұмабекұлы

Ол Президенттің батыл шешім қабылдап, билікті бірден қолына алғанына ризашылығын білдірді

Көрнекі фото

Физика-математика ғылымдарының докторы, академик Асқар Жұмаділдаев Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз өкілеттігінің үш жылын Назарбаевтың көлеңкесінде жоғалтып алғанын айтып, оған екінші президенттік мерзіміне 3 жыл қосып беру керектігін атап өтті.

Менің білетінім – Тоқаев екінші рет сайланады, одан кейін сайланбайды. Тоқаевтан кейін де адамдар болады. Менің өкінішім – Тоқаев үш жыл уақытын біреудің астында көлеңке болып босқа өткізіп алды. Егер депутаттар осы үш жылды бірдеңе қылып қосып берсе дұрыс болар еді. Тоқаевқа тиесілі 5 жылдың үш жылы өтті, енді екі-ақ жыл бар. Сосын тағы 5 жыл. Осыдан соң Тоқаев «қоштасам» деді. Конституция одан артыққа рұқсат бермейді. Мен осы 10 жыл ең болмағанда 13 болсын деп отырмын, - деді ғалым.

Ол осындай ұсыныспен депутаттың бірі шықса қолдайтынын, оның қызметін экс-президент сияқты 30 жылға созудың қажеті жоқтығын атап көрсетті.

Ғалым Президенттің Қаңтар қасіреті кезінде жедел, батыл шешім қабылдап, билікті бірден қолына алғанына ризашылығын білдірді.