×

«Атүсті, ұшқары шешім». Мұхтар Құл-Мұхаммед Еуропарламент депутаттарына жауап берді

Еуропарламенттің бірде бір депутаты «қаңтар оқиғасына» байланысты Қазақстаннан мағлұмат сұрамаған

коллаж: Halyq Uni

Сенаттағы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Еуропа парламенті депутаттарының Қазақстанға қатысты қабылдаған қарарына «асығыс, атүсті, ұшқары шешім» деген баға берді.

Сенат депутатының айтуынша, Қазақстандағы «қасіретті қаңтар» оқиғасына байланысты республика бойынша жарияланған төтенше жағдай аяқталмай жатып, Еуропа парламенті 19 қаңтар күні осы оқиғаларға қатысты резолюцияны талқылауға кірісіп кеткен және 20 қаңтар күні оны асығыс жағдайда қабылдап үлгерген.

Еуропа парламенті асығыс шешімге жол беріп отыр. Өз басым Еуропарламенттің бұл резолюциясымен мүлдем келіспеймін.

Қазақстан 2015 жылы ғана Еуропа парламентімен кеңейтілген әріптестік туралы келісімге қол қойып, ол тек елімізде демократиялық реформаларға кең жол ашылған 2020 жылдың 1 наурызында бекітілген болатын. Сондағы Еуропа парламентінен біздің күткеніміз осы ма еді?

Дәл осы жолы олар Қазақстанға қаны қас кейбір саяси күштердің жетегінде кетіп, солардың ықпалындағы депутаттардың ұсыныстарымен атүсті, тіпті ұшқары шешімге барып отыр, - деді сенатор.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Еуропарламенттің біржақты шешім қабылдағанын айтып, «беделді ұжым мұндай шешім қабылдау үшін Қазақстанға келіп, оқиғадан зардап шеккен, құқығы аяққа тапталған, біреудің әкесі, біреудің ұлы қаза тапқан отбасылармен кездесіп, ойрандалған қалаларды өз көзімен көруі керек еді» деген пікір білдірді.

Олар осындай ең қарапайым адамгершілік, моральдық қағидаттарды аяққа басып, біржақты шешім қабылдаған, - деді сенатор.

Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, Еуропарламентте шешім қабылдау кезінде сөйлеген депутаттар арасында Қазақстанның позициясын қолдап, әділ пікір білдіргендер де болған.

Мәселен, Тьерри Мариани (Франция) Қазақстанның үнемі бейбітшіл саясат ұстанатынын, ондағы ұлтаралық, дінаралық келісімге бағытталған саясаттың оң нәтиже беріп келе жатқанын тілге тиек етіп, ресми билік органдарының нақты ақпаратын күту керектігін орынды алға тартқан.

Максимилиан Кран (Германия) бейбіт шеруші деп жүргендердің мұздай қаруланған топ екендігін, ал қарулы топқа қарсы қару қолдануға болатындығын айтқан уәждерін сыртқы күштердің ықпалында кеткен кейбір әсіре қызыл депутаттар қаперіне алғысы келмегенін мәлімдеген.

Татьяна Жданока (Латвия) Еуропа парламенті депутаттарының судья емес екендігін есіне салып, «Қазақстан билігімен өзара сенім мен сыйластыққа негізделген диалог орнату керектігі жөніндегі пікірін әншейінде саяси диалог мәдениетін ұстану керектігін алға тартатын еуродепутаттар байқағысы келмеген сыңай танытты» деген.

Иво Христов (Болгария) Қазақстандағы қаңтар оқиғасына қатысушылар арасында діни экстремистер болуы мүмкіндігі мен одан төнген қауіп туралы пікір білдірген.  

Еуропарламенттің бірде бір депутаты немесе депутаттық тобынан Қазақстан тарапына дәл бүгінгі күнге дейін «қаңтар оқиғасына» байланысты мағлұмат сұраған ешқандай өтініш келіп түскен жоқ. Ақпараттық телекоммуникация дамыған заманда бұған сенудің өзі қиын.

Әріптес болуы үшін екіжақты қимыл, өзара іс-әрекет, пікір алмасу болуы керек. Бұл мемлекеттер мен олардың мүдделерін жақындастырады. Қазақстан Еуропарламентпен кеңейтілген әріптестікке қол қойғанда осыны көздеген. Өкінішке қарай олардың асығыс, атүсті қабылдаған шешімдері бұған мүлде кереғар болып шықты. Бұл саясатын қашанда өзара сенім мен құрметке негізделген ынтымақтастыққа және адал әріптестікке құратын Қазақстанның Еуропарламентке деген сенімін азайта түсті. Еуропалық әріптестер өз қателіктерінен тиісті қорытынды шығарады деп үміттенеміз, - деді Сенат депутаты.

Еуропа парламентінің депутаттары Қазақстандағы соңғы наразылықтар мен тәртіпсіздіктерге байланысты адам құқықтарын қорғау туралы қарарды басым дауыспен қабылдады. Дауыс берген 671 депутаттың 589-ы қарарды қолдаса, 35-і қарсы болды, 47-сі қалыс қалды.

Еуропарламент депутаттары бұл қарарда 2022 жылдың қаңтарында болған наразылықтарға байланысты халықаралық тергеуді бастауға, сондай-ақ қазақстандық шенеуніктерге «адам құқықтарын өрескел бұзғаны үшін» ЕО режимі аясында санкциялар салуға шақырып отыр.

Еуропарламент депутаттары Еуроодақ пен халықаралық қауымдастықты «елдегі екі апталық митингілер кезінде Қазақстан халқына қарсы жасалған қылмыстарды халықаралық тергеуді дереу бастауға» үндеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама