«Әкімге сенбеуге еш қақым жоқ». Министр LRT жобасына қатысты пікірін айтты

Дәурен Ерболат

LRT жобасын толық жүзеге асыру үшін 577 млн доллар керек

фото © Нұрдәулет Әбікен

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев журналистердің LRT жобасына қатысты сұрағына жауап берді. Еске салайық, өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов сұқбат беріп, LRT құрылысы аяқталатынын мәлімдеген еді.

«Елорда әкімдігі бұл жобаға (LRT – автор) толық жауап береді. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің қызметкерлері емес, өзі сұқбат берді. Сондықтан менің әкімге сенбеуге ешқандай құқығым жоқ.... Менің ойымша (жобаны жүзеге асыруға қатысты – авт.) дұрыс шешім қабылданатын шығар», - деді министр Үкімет отырысынан шыққан соң.

Сондай-ақ Қайырбек Өскенбаев LRT жобасына елорда әкімдігі жауап беретінін, оның жұмысына араласпайтынын атап өтті.

Ол (Алтай Көлгінов – автор) әкім ретінде шешім қабылдап, жобаға жауап береді. Сіздер екі мемлекеттік органды бір-біріне қарсы соғыстырайын деп отырсыздар ма? Ол менің жұмысыма кіріспейді ғой, - деді ведомство басшысы.

Айта кететіні, қаңтар айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атышулы жобаның қайта қаралатынын мәлімдеген болатын.

«Бұл әдеттегі инфраструктуралық жобадан еліміздің беделіне нұқсан келтіретін жобаға айналды. Бұған дейін көп қаржы бөлінді, шетелдік серіктертермен бірге келісімшарт бекітілді. Бұл жоба бастапқыда қате басталды. Мұны мойындау керек. Жемқорлықтың иісі аңқып тұрған жоба. Енді оңтайлы шешім қабылдауымыз қажет. Себебі оны бұзу – уақыт пен қаржы шығынына алып келеді. Бізде басқа амал жоқ. Осы жобаны қолданысқа енгізетін мүмкіндіктерді қарастыратын отандық және шетелдік архитекторларды шақыру қажет», – деді Президент.