×

«20 млрд теңгеге Үкіметтен екі есе көп нәтиже көрсетер едім» - Дәулет Мұқаев

Қоғам белсендісі «Солтүстікке көш» бағдарламасы айтарлықтай нәтиже бермегенін айтты

 Ербол Тұрымбет 04.07.2022 | 16:52

Мемлекет 20 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған «Солтүстікке көш» бағдарламасы нәтижесіз болды. Үкіметтің көшіп келгендер мен қайта көшіп кеткендер туралы нақты мәліметі де жоқ. «Dauletten» қайырымдылық қорының жетекшісі Дәулет Мұқаев «Сұрауы бар» YouTube арнасында болған подкаста осылай деп мәлімдеді.

Қараңыздаршы, Үкімет осы уақытқа дейін 9800 отбасын көшірген екен. Адам санынан шаққанда 33 мың. Орта есеппен бір отбасында 3-4 адам. Қайтып кетіп жатқандардың нақты тізімі жоқ. Себебі күнде кетіп жатыр. Ал бізде көшіп барғаны 5 отбасы, 36 адам, - дейді Дәулет Мұқаев. 

Қоғам белсендісі оқырмандарынан жылу жинап, 36 жаннан тұратын 5 отбасын Шал ақын ауданына көшірген. Алайда ол 7-8 млн теңгеге бағаланған мемлекет салған үйлерді алмапты. Оның орнына небәрі 3-4 млн теңгеге жайлы, жылы үй сатып алуға болады, дейді Дәулет Мұқаев.

Алғашқы көшті өз күшімен жүргізген белсенді, мемлекеттік қолдау болса бұл істі жалғастыруға ниетті. 

«Егер Үкімет көшті толық «Бала-шағамен солтүстікке» жобасына беретін болса, бірінші кезекте көпбалалы отбасыларға арналған жоба болады. Үкімет көшке жұмсаған 20 млрд теңге ақшаға мен екі есе көп адам көшірер едім», - дейді Дәулет Мұқаев.

Еске салсақ, солтүстікке көшушілерге мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің төмен сапасына қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та сын айтқан болатын. Нәтижесінде екі ауданның әкімі жұмыстан қуылды. Алайда, теріскейге көшкен азаматтарға қатысты әлі де жағдай түзелмеген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама