×

СІМ Еуропарламенттің Қазақстанға қатысты қарарын біржақты деп есептейді

Еуропарламент Қазақстанға қатысты қарар қабылдады: депутаттар санкция енгізуге шақырды

Фото: cezarium.com

Еуропа парламентінің депутаттары Қазақстандағы соңғы наразылықтар мен тәртіпсіздіктерге байланысты адам құқықтарын қорғау туралы қарарды басым дауыспен қабылдады. Дауыс берген 671 депутаттың 589-ы қарарды қолдаса, 35-і қарсы болды, 47-сі қалыс қалды.

Еуропарламент депутаттары бұл қарарда 2022 жылдың қаңтарында болған наразылықтарға байланысты халықаралық тергеуді бастауға, сондай-ақ қазақстандық шенеуніктерге «адам құқықтарын өрескел бұзғаны үшін» ЕО режимі аясында санкциялар салуға шақырып отыр.

Еуропарламент депутаттары Еуроодақ пен халықаралық қауымдастықты «елдегі екі апталық митингілер кезінде Қазақстан халқына қарсы жасалған қылмыстарды халықаралық тергеуді дереу бастауға» үндеді.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Еуропа парламенттің қабылдаған қарары біржақты сипатқа ие екенін және объективті емес тұжырымдарға негізделгенін мәлімдеді.

Елімізде болған қаңтардағы қайғылы оқиғаларға объективті бағалаудың болмауы алаңдаушылық туғызады. Қазақстан басшылығы тапсырған ресми тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжаттарды қабылдау қисынсыз деп санаймыз. Оның нәтижелері халықаралық қоғамдастыққа ұсынылатынын тағы да растаймыз.

Қарар жобасын әзірлеу кезінде Еуропа парламенті депутаттары мен оның құрамындағы саяси топтар Қазақстанның ресми тұлғаларынан нақтылама ақпараттар мен түсіндірулер сұрамағанын атап өтеміз, - делінген СІМ мәлімдемесінде.

Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі және мемлекеттік органдармен тікелей диалог жүргізетін азаматтық қоғам институттары да аталған құжат авторларының оларға жүгінбегенін хабарлайды.

Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің, беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде, гуманитарлық құқық саласындағы көпжақты келісімдердің қатысушысы бола отырып, заңның үстемдігіне және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы өз міндеттемелеріне толықтай бейілді. Еліміз сондай-ақ халықаралық терроризмге қарсы күресті қоса алғанда, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үдерісіне қомақты үлес қосып келеді, - деп түсіндірді.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде Еуропа парламентінің аталған қарарды асығыс қабылдауы демократиялық институттарды нығайту және азаматтық қоғамның дамуына бағытталған ҚР Президентінің реформаларын қабылдау және жүзеге асыру үдерісіне кері әсер ететіні және зиян келтіретіні айтылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама