Облыстық әкімдіктегі кейбіреулер жиынды өткізбеуге тырысқан
Белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, аудармашы, елімізде ілеспе аударма жасауды меңгерген алғашқы аудармашылардың бірі, республикалық «Үздік аудармашы» конкурсының тұңғыш жеңімпазы Камал Әлпейісова бір топ азаматпен бірге «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасын түсіндіру жұмыстарымен еліміздің өңірлерін аралап, Солтүстік Қазақстан облысына барғанда жергілікті әкімдік қызметкерлері, облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің мемлекеттік тілді үйрену, оның аясын кеңейтіп, дамыту мен ономастика мәселелеріне немқұрайлы қарайтындарына көз жеткізгенін айтып, наразылық білдірді.
Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалында Ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өңірдегі тіл, ономастика сияқты маңызды мәселелер талқыланатын жиынға облыстық мәслихаттың депутаттары, әкімшілік қызметкерлері, қоғамдық кеңес пен Ассамблея мүшелерінің ешқайсысы келмегенін, ұлттық құндылықтың Солтүстік Қазақстан облысына қажеті шамалы екенін айтты.
Өңірде тіл, ономастика сияқты маңызды мәселелер талқыланатын жиынға облыстық мәслихаттың депутаттары, әкімшілік қызметкерлері, қоғамдық кеңес пен Ассамблея мүшелері шақырылған болатын. Қызық болғанда солардың ширегі де келген жоқ. Жиналған қарапайым халық бізге «олардың ішінде ұлттық құндылықтарға жаны ашитын адамдар жоқ» деп түсіндірді. «Ол жердегілер өз бизнесінің жағдайын жасау үшін жүргендер» десті ақсақалдар. «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Жанат Мұхамеджанның айтуынша, әкімдіктегі кейбіреулердің осы жиынды өткізбеуге тырысып, болмаған соң кейінге ысырып, өздері тіпті төбе көрсетпеуі көп жайды аңғартады, - деді ол.
Жазушының айтуынша, Солтүстік Қазақстанда Абылай ханның зор рөлі болса да, өзі билік жүргізген ставкасы тұрса да - әлі күнге дейін көшеге есімінің берілмеуі, биыл ЮНЕСКО аясында атап өтіліп жатқан бүкіл қазаққа ортақ тұлға Ахмет Байтұрсынұлының есімінің еленбеуі де - жоғарыдағы ұйымдардың ұлттық құндылықтарға немқұрайлылығының, халықтың талап-тілегі білдірілетін осындай жиындардан қашуынан болып отыр.
Осы ретте Камал Әлпейісова Қызылжарда халықпен етене жақын жұмыс істейтін кейбір мекемелерде мемлекеттік тілдің қолданылуы нашар екендігін де атап көрсетті. Оның айтуынша, халықтың мемлекеттік тілді білмеуінің екі себебі бар. Біріншісі, өзге этностар өкілдерінің ынта-ықыласының өте төмендігі болса, екіншісі, біраз қазақтардың ана тілінің тағдырына немқұрайлылығы.
Ең сорақысы, жұлынып сөз сөйлейтін де солар.
Сондайларға қарап отырып, ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының неліктен:
«Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес, дарға асқаны, атқаны,
Маған қиын осылардың бəрінен,
Өз аулыңның иттері үріп-қапқаны», дегенін түсінесің, - деді ол.
Елге белгілі бір топ азаматтың «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасын түсіндіру жұмыстарымен Солтүстік Қазақстан облысына сапары жалғасып жатыр.