×

Жұма намазына бармағаны үшін ағалары «есеп» алатын – сарапшы

Мешітте жамағаттың 90 пайызы жат ағымның өкілдері болды

 Дастан Жұмабекұлы 01.07.2022 | 09:57

Сарапшылар Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында діни радикализмнің кең таралуының себептерін атады. Олардың пікірінше, бұл қалаларда Сирияға жастардың көптеп кетуіне өңірдегі криминогендік жағдай себеп болған. Бұл туралы «Сұрауы бар» YouTube арнасында шыққан «Сәтбаев: мыс, миссионерлер және діни экстремизм» шағын деректі фильмінде айтылды.

Менің сыныптасым Сирияға кеткен. Ол жастайынан бұзық, қызуқанды спортшы жігіт болатын. Оған да ықпал еткен өзінен үлкен ағалары, - деді Сәтбаев қаласының Дін сұрақтары бойынша кеңес беру орталығының басшысы Жасұлан Нұрмұқан.

Сарапшы 2006 жылы жергілікті қылмыстық топтың лидері «Сағи» деген лақап атымен белгілі болған Сағит Шоқпытовтың өлімінен кейін оның қоластындағы жастар жаппай дінге бет бұра бастады, дейді. Алайда олардың таңдаған жолы қазақтың дәстүрлі діни ұстанымы болмаған.

Мен осы қаланың тұрғыны ретінде теріс ағымның қалай таралғанын өз көзіммен көрген азаматпын. 2006 жылы ең алғаш рет сыныптастарыммен мешітке барған болатынмын. Сол кездегі мешіттегі діни ахуал қиын болды. Мешітке келетін жамағаттың 90%-ы жат ағымның өкілдері еді, - дейді сарапшы.

Осылайша иерархиялық тәртіппен жүретін қылмыс әлемнің жастары ағаларының ықпалымен теріс жолға түскен. Олардың арасында тіпті себепсіз жұма намазына бармағандардан есеп алынатын тәртіп болды, дейді маман. Кейбір деректер бойынша, Қазақстаннан Сирия мен Иракқа кеткен 500 адамның 250-ге жуығы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларынан шыққан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама