×

Түркістандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевтан, ҰҚК қызметкерлерінен қысым көргенін айтты

Кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың қысымынан кейін 100 млн теңгеден астам шығынға ұшырағанын айтты

көрнекі фото: Қайрат Боранбаев, Үмбет Артықбай

Түркістан облысының кәсіпкері Үмбет Артықбай БАҚ өкілдері үшін арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, қазір қамауда отырған Қайрат Боранбаев пен ҰҚК бұрынғы қызметкерлерінен қысым көргенін айтып берді. Аталған азаматтар 107 697 543 теңгесін иемденіп алғанын айтқан кәсіпкер Шымкент қалалық полициясына арыз түсіріпті. Алайда, қылмыстық іс қозғалғанымен, ол іс аяқсыз қалған.

«Екі жылдан аса алаяқтарға алданып, онымен қоса Шымкент қалалық ПД қызметкерлерінен, Шымкент қалалық прокуратура қызметкерлерінен зардап шегіп, қорлық көріп келемін. Қазір бөлініп жатыр ғой – «Жаңа Қазақстан», «Ескі Қазақстан» деп. Енді айтатын уақыты келді», деп бастады сөзін кәсіпкер Үмбет Артықбай.

27 жылдан бері су шығарушы компаниялармен келісімшартқа отырып тасымалдаушы болып жүрген кәсіпкер 2018 жылдан бастап қысым көріп келе жатқанын айтты.

Кезінде TASSAY, ALEX деген белгілі зауаыттарды іске қосып, оның сатылуына үлес қосқан азаматтардың бірімін. Қазір де 100-ден аса адамды жұмыспен қамтып, уақытылы айлығын беріп, салық төлеп жүрген азаматпын, - дейді жеке кәсіпкер.

«2017 жылы белгілі кәсіпкер, Дариға Назарбаеваның құдасы - Қайрат Боранбаев «Алекс» зауытын сатып алды. Ол кісімен де келісім шартты ұзарттық. 2018 жылы «Алекс» зауыты қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Байболов - ол Қайрат Боранбаевтың жақын туысы. Маған келіп, «Қайрат Боранбаевтың жеке тапсырмасы, оны ешкім білмеуі керек, керек болса жанұяң да білмеуі керек. Болмаса, ол кісінің кім екенін білесің - марқұм Айсұлтан Назарбаевтың қайын атасы, Қазақстандағы белгілі кәсіпкер», деген соң айтқанын істедім. Олар маған жалған реквизиттер әкелді. Соған қол қойып, 73 млн теңге аудардық. Айта кетейін, Тимур Байболов Ішкі істер саласының - бұрынғы офицері», дейді қысымға ұшырағанын айтқан кәсіпкер.

Кәсіпкерге қысым көрсету одан кейін де жалғасқан.

Арман Бакеев деген тағы біреу келіп: «Енді «Логистик Смарт» істемейді. Ескі схема бойынша ИП «Модираның» шотына ақша аудар» деп қоқан-лоққы көрсетті. Кейін тергеу барысында білгенімдей, осы екі компания тек бізбен жұмыс істеген екен, - деп сөзін сабақтады Үмбет Артықбай.

Кәсіпкер бұл қысымға шыдай алмай, мәселе көтерген. Алайда, соның артынша «Алекс» компаниясымен арадағы келісімшарт үзіліпті. Айтуынша, екінші аталған «Модира» ЖК Қайрат Боранбаевтың күйеубаласының анасына тиесілі мекеме екен.

2019 жылы осы мәселені көтергенімде, олар арадағы келісімшартты бірден бұзып, сотқа берді. Қазір мен соның салдарынан 240 млн теңге көлемінде зардап шегіп отырмын. Арман Бакеев мені сотқа берді. Сөйтіп, бар құқығымды шектеп тастады, дейді Үмбет Артықбай.

Үмбет Артықбай 2020 жылы Шымкент қалалық полиция департаментіне арызданған. Қылмыстық іс тіркеліп, сол кездегі Шымкент қаласы ПД бастығы Ералы Жұмаханбетовпен де жолығыпты.

«Қылмыстық іс кестеге сай жүріп жатты. 2020 жылдың желтоқсатынынан бастап кедергілер пайда бола бастады. Күдіктілер шақырылған кезде келмеді. Тергеу басқармасының орынбасары «Қазақстанда заң алдында бәрі бірдей. Лауазымы, дүниесі, ақшасы рөл ойнамайды» деген еді. Ең сорақысы содан кейін басталды. Маған қоқан-лоқы көрсетіліп: «Кіммен ойнап жүрсің? Генерал мырзаның кім екенін білесің бе? Ол - Дариға Назарбаеваның күйеуі Қайрат Шәріпбаевтың күйеубаласы деді», - дейді ашынған кәсіпкер.

Осылайша, қылмыстық іс жылға жетпей жабылған. Содан бері әділдікке қол жеткізе алмай жүргенін айтқан кәсіпкер ҰҚҚ-ның бұрынғы қызметкерлерінен де қысым көргенін жасырмады. Тіпті, кәсіпкерге тергеуді тоқтату үшін 30 млн теңге ұсыныпты. Кәсіпкер шығынның бәрін өз мойнына алып, дегеніне көнбепті.

Еске салайық, 17 наурызда Қаржылық мониторинг агенттігі квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаржы жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын, осы қылмысты жасады деген күдікпен Қайрат Боранбаев ұсталып, уақытша тергеу абақтысына қамалғанын хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама