Қазақстанға келген ресейлік блогер қазақтарды Путинді қолдамағаны үшін айыптады
Эллина есімді блогер Қазақстандағы пікір алуандылығына таңданысын жасырмады
Ресейден Қазақстанға туған-туыстарына келген Эллина есімді блогер TikTok желісінде отандастарымыздың РФ-ның саясатына, соның ішінде Украинаға соғысын сынап жатқанына пікір білдірді.
Ол бейнежазбада Қаңтар оқиғасы кезінде қазақ халқының Путиннің Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымнының құрамында болған Ресейдің қарулы күштерін кіргізіп, елімізге жасаған «жақсылығын» тез ұмытып кеткенін, Қазақстанның Батыс елдерінің насихатына «алданып» отырғанын айыптады.
Мен жергілікті халыққа мына нәрсені айтқым келеді. Сендер Батыстың үгіт-насихатына әбден алданып қалған екенсіңдер. Владимир Владимирович сендерде бірнеше ай бұрын болған қақтығысты тоқтатты. Соның жақсылығын қалай тез ұмытып кеткенсіңдер?! Мен өзім Өскеменде туғанмын. Осы жерде 10-12 жыл тұрып, Ресейге көшіп кеттім. Менің арғы аталарым да Қазақстанда туған. Бәрі де орыстар. Менің әкем Алматыда, Верныйда дүниеге келген. Алматы дегеніміз Жетісу, яғни Сібір. Мені көбісі пропагандист деп атап жүр. Мен өз Отанымды жақсы көргенім үшін пропагандист емеспін. Мен Қазақстанның неліктен Ресейге қарсы болып жатқанын түсінбеймін, - деді ол.
Сонымен бірге ол қазақтардың Ресейді қолдамағаны үшін сыни пікір білдіріп, бұдан былай Қазақстанға келмейтінін атап өтті.
Осы ретте, блогер Ресейдің Украинадағы соғысын жақтайтынын, Украинаға соғысқа бару үшін әскери комиссариаттарда халық кезекте көптеп тұрғанын, жүрегі әрқашан Путинмен бірге соғатынын жасырмады.
Ресейлік азаматтың видеосына отандастарымыз дереу жауап жазып, оны шовинистік көзқарасы үшін сынап тастады.