Halyq Uni логотип
×

Сарапшылар мектептегі оқу жылын шілдеге дейін ұзартуды ұсынды

Қазақстанда оқушылар 130 күннен астам уақыт демалады

 Ая Өміртай 30.06.2022 | 16:46
Сарапшылар мектептегі оқу жылын шілдеге дейін ұзартуды ұсынды
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Сарапшылар мен кейбір мектеп өкілдері оқу жылын маусым айының соңына дейін ұзартуды ұсынып отыр. Бұл 2022-2023 оқу жылындағы білім процесін ұйымдастыру мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде көтерілді.

Оқу жылын ұзартуды ұсынып отырған педагогтер қосымша оқу апталары білім алушылардың күнделікті оқу жүктемесін азайтуға көмектесетіндігін алға тартып отыр. Айтуынша, жазғы демалыстың ұзақтығын қысқарту оқушылардың алған білімін «ұмытпауына» септігін тигізеді.

«Біздің ел оқу жылындағы апта саны ең қысқа мемлекеттердің бірі - 34 оқу аптасы. Нәтижесінде республикамыз бойынша білім алушылар жылына 130 күннен астам уақыт демалады, бұл әлемдегі ең ұзақ демалыс десек болады. Салыстыратын болсақ: мысалы, Израильде демалыстың ұзақтығы – 84 күн, Оңтүстік Кореяда – 90 күн, Жапонияда – 102 күн. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, балалар ұзақ үзілістен кейін игерген тақырыбының 25%-ын ұмытады екен. Сондықтан біз қазақстандық мектептердегі оқу жылын 38 аптаға дейін ұзартуды ұсынамыз - оқу жылын 15 тамызда бастап, 5 маусымда аяқтауды ұсынамыз. Немесе қыркүйек айында әдеттегідей басталса, онда 20 маусымға дейін ұзарту керек», – деді «BINOM SCHOOL» мектебінің басқарушы директоры Арайлым Мағзұмова.

«Әділет» республикалық орта және мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының төрайымы Динара Құдайқұлова да оқу жылын ұзарту үшін оңтайлы деп санайтын мерзімдерді атап өтті:

20-25 тамыздан бастап балалар шығуы керек, шын мәнінде екі апта бойы балалар оқу процесіне толығымен кірісіп кете алмайды деп санаймыз. 20-25 тамыздан 5 маусымға дейін кем дегенде ұзартылуы керек, - деді ол.

Сарапшылар оқу жылының ұзақтығын арттыру сыныптардағы жүктемені 1-2 сағатқа қысқартуға, кабинет тапшылығын оңтайландыруға, білім алушылардың қосымша білім алуына және педагогтердің өздерін кәсіби дамытуына көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік беретініне сенімді.

Еске салайық, жыл басында белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев Үкімет Binom мектептері биылдан бастап пилоттық режимде 38 аптаға дейін оқу туралы ұсынысын қабылдады деп жазған болатын. Оның айтуынша, еліміздегі білім деңгейі алдыңғы қатардағы мемлекеттерден төмен болуының бір себебі - оқу жылындағы демалыстың ұзақтығымен байланысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама