Ол үлкен қателік істегеніне өкінетінін айтты
Ресейлік пропагандист Владимир Соловьев «Соловьев live» бағдарламасына өзін «Таулы Қарабақ Республикасының Сыртқы істер министрімін» деп таныстырған Давид Бабаян деген біреуді эфирге шақырғаны үшін Әзербайжан елінен кешірім сұрады.
Мен үлкен саяси қателік жасадым. Эфирге Қарабақтың «өкілін» шақырғанда Әзербайжанның да өкілін шақыруым керек еді. Мен екеуін кезектесіп шақырайын деп едім. Алайда олай болмай қалды. Сол үшін Әзербайжан елінен кешірім сұраймын. Бабаянмен сұхбат үшін Әзербайжан жағының маған қатты ренжігенін жақсы түсінемін. Өйткені, журналистік объективтілік болу керек еді. Осы қателігімді түзегім келіп, Кавказда болып жатқан жағдайға қатысты Садат Кадыроваға хабарласып, сұхбат алайын деп едім, ол телефонға жауап бермеді.
Қазір Ресей мен Әзербайжанның қарым-қатынасына қылау түсірмеу керек. Соны жақсы білемін. Енді мұндай жағдай қайталанбайды деп ойлаймын. Мен кез келген уақытта Әзербайжан жағына эфир беруге уәде беремін, - деді ол.
Соловьевтің кешіріміне Әзербайжан Республикасы әлі жауап берген жоқ. Ресейлік пропагандист «Вечер с Владимиром Соловьевым» бағдарламасында да тағы да кешірім сұрады. Оған да ешкім жауап бермей жатыр. Соған қарағанда Апшерон түбегіндегі ағайын өзін-өзі «Таулы Қарабақ Республикасының Сыртқы істер министрімін» деп таныстырған Бабаянды эфирге шақырғаны үшін қатты ренжіген сияқты.