Лимана Қойшиева тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицидтің жиілеуі, бала тәрбиесі туралы айтты
Психолог Лимана Қойшиева Halyq Uni сайтының Youtube арнасына берген сұқбатында «өскенде мені асырайсың» дейтін – баланы дүниеге әкелгенін міндетсінетін ата-аналарды айыптады.
«Өскенде мені бағасың. Келіншегің менің жағдайымды жасау керек» дейді. Оған қыздардың барлығы келіспейді ғой. Өйткені жоғары оқу орнын бітіреді, қалада тұрғысы келеді. Жұмыс істегісі келеді. Олар да дамығысы келеді. Сондықтан қазір үйленбеген жастар саны көп», - деді Лимана Қойшиева.
Сонымен қатар психолог қазақ отбасыларының тәрбие ісінде жіберетін қателіктерін атады.
«Қазіргі балалар мен ата-аналар арасында үлкен алшақтық бар. Олардың талабы өте жоғары. «Мен айттым, бітті», «Менің айтқаным болады» дегеннен гөрі «мен сенімен ақылдасайын деп едім» деген сөз әлдеқайда дұрыс болады. «Мен сенің анаңмын, тамағыңды, киіміңді алып бердім» деген міндет әңгімеден «мен сені түсінгім келеді» деген жылы сөзді көбірек айтуымыз керек», - дейді психолог.
Психолог Лимана Қойшиева көпбалалы отбасылардың кейбірі жауапкершілікті сезінбейтінін ашық сынға алды.
Ересек адам өзіне жауапкершілік алған жоқ. Бес баланы дүниеге әкелер алдында ойлану керек. Осыған жағдайым жете, жетпей ме? Я болмаса, неге мен ішкілікке салынып жүрмін? Бұл нәрсе ерлі-зайыптылардың екеуіне де қатысты жауапкершілік, - дейді психолог.
Психологтың тәжірибесінде ата-анасының ішімдікке үйір болуынан өзін айыптап, суицидке барған балалар да болған.
«Ішкілікке салынып кеткен әкесінен намыстану. «Дұрыс отбасы болуға ұмтылмасаң, ажыраспасаң, үйден кетемін» дейді. Одан кейін өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Не үшін? Өлгісі келгеннен емес, жанайқайын естіркісі келеді», - деді ол.