Заңгер Кеосаянды сотқа берді
Ол ресейлік пропагандистен кешірім сұрауды талап етті
Заңгер Жангелді Сүлейманов қазақ халқына дөрекі түрде ашық қоқан-лоққы көрсеткен ресейлік пропагандист Тигран Кеосаянды сотқа берді. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды.
Заңгердің айтуынша, Кеосаян өз сөздері үшін заң алдында жауап беруі керек.
Кеосаян бүкіл халқымыздың намысына тиді. Сыртқы істер министрлігіне ұстанымы үшін алғыс айтамын!
Бірақ қазақтар да үндемей отырмай, жауап беруі керек. Заңға сәйкес, жауап беруші шетелдік азамат болса да, мұндай істер бойынша Қазақстан сотына арыздануға болады.
Кеше мен Алматы қаласы Алмалы аудандық сотына Коесаянға арыз жаздым. Соттан сұрайтыным тек бір нәрсе ғана бар. Кеосаян айтқан сөзін теріске шығарып, Ютуб арнасына жаңа видео жарияласын. Одан басқа ештеңе қажет емес, – деп жазды заңгер.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Кеосаянның елімізде Жеңіс күніне орай әскери парадтың болмауына байланысты видеосы жарияланған еді. Видеода журналист дөрекі түрде қазақтарға Украинадағы шиеленіске байланысты біржақты шешімге келу керек екендігін айтып, Қаңтар оқиғасы кезіндегі Ресейдің көмегін міндетсінген болатын.