«Лидерлері көрегендік танытпағанда, бірінші құрбан Қазақстан болуы мүмкін еді» - ресейлік саясаткер

Халық үні

Ресейлік саяси қайраткер, "Ұлттық саясат институты" халықаралық қауымдастығының басқарма мүшесі Андрей Пионтковский Қазақ елін жанжалшыл алпауытқа жем болудан не құтқарып қалғанын айтты.

фото: inbusiness.kz

– ПМЭФ-2022-дегі атышулы мәлімдемесінен кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Катар экономикалық форумына қатысып, онда Ресей Қазақстанның сенімді одақтасы болып қала беретінін жеткізді. Петерборда Мәскеудің солақай саясатын қолдамайтынын мәлімдеген соң Тоқаев Путинмен қайта кездесіп, келіссөз жүргізіпті. Осы орайда қазақстандық оппозиция және бірқатар шетелдік сарапшылар Қазақстан Президентінің "демаршын" Мәскеудің көзбояушы, құйтұрқы "многоходовкасы" деп түсіндіре бастады. Жария түрде қолдамағанымен, жасырын көмек көрсетпек-мыс... 

– Мұндай конспирологияға негіз жоқ. Өйткені Қазақстан унитарлы мемлекеттерді өзге алпауыттардың бөлшектеуін объективті түрде қолдай алмайды. Кремль Украинаның орыстілді облыстарын бөліп алып, одан квазиреспубликалар құруға тырысуда. Мұндай сорақылықты қолдаса, Қазақстанның өзі қақпанға түсіп қалмақ. 

Жалпы Қазақстан Кремльдің империяшыл қаскүнемдігінің бірінші құрбанына айналуы ықтимал еді. Жасыратыны жоқ, Кеңес одағы күйрегеннен бергі уақытта Қазақстан Украинаға қарағанда анағұрлым осал еді. КСРО ыдырамағанда, қазақтар жерінің үлкен бөлігінен айырылып қалатын ба еді? Себебі қызыл империя қазақтардың әсіресе, жері шұрайлы, қойнауында аста-төк қазынаға толы орталық, солтүстік, шығыс және батыс өңірлерінде тұрғылықты ұлт үлесін азайту үшін бәрін жасады. Дегеніне жетті де. Бұл облыстардың кейбірінде қазақтар саны тұрғындардың үштен біріне де жетпейтін. Мемлекет құраушы ұлт тек оңтүстікте шоғырланып қалды. 

Украинада халықтың көбі, тіпті орыстілділер де украин тілін жақсы түсінеді, сөйлей алады. Қазақстанда жағдай басқа, тіпті қазақтардың үлкен бөлігі қазақша білмейтін жағдайға жеткен. Мұны саяси ойындарға пайдаланып кету қиындық тудырмайтын. Сондықтан мен Назарбаевты бәрібір гений санаймын, ол осы мәселе түптің түбінде ұлтқа зиян-залал әкелуі мүмкін екенін түсініп, тиісті шараларды қабылдады. Әрине, аяғына дейін жеткізбеген шығар, бірақ берік іргетасы қаланды. 

Мысалы, Украина Мәскеумен жақсы қарым-қатынасын сақтауға тырыспады, сол үшін Кремль оны қантөгіспен аяусыз жазалап отыр. Беларуське қараңыз: Лукашенко Мәскеуге жағынамын деп жүріп, оның жандайшабына айналып кетті. Ал Қазақстан Ресеймен одақтастық ынтымақтастығын сақтай отырып, Батыспен барынша ықпалдасуда. Қазақстанның №1 сауда әріптесі және инвесторы Ресей де, Қытай да емес, Еуропалық одақ. 

Нұлсұлтан Назарбаев – біздің заманымыздың ұлы еуразияшыл тұлғасы болып табылады. Орыс еуразияшылдары өткен ғасырлардан бері еуразиялық идеяны өзге халықтарды Ресей айналасында біріктіру үшін ілгерілетсе, ал Қазақстан оны тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін пайдаланды. Назарбаев жыл сайын Мәскеуге сапарлап, Еуразиялық экономикалық қауымдастық, кеден одағы, Еуразиялық экономикалық одақ және басқа да еуразиялық интеграция аясындағы кезекті жобаны ұсынатын. Бұл оған Мәскеудің көзін ала беріп, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуроодақпен тығыз байланысты ары қарай нығайтуға мүмкіндік берді. Түркі әлемін біріктіруге ден қойды.       

Сонымен бір мезгілде, Қазақстан солтүстік өңірлерді қазақыландыруға бағытталған практикалық шаралар қабылдады. Мәселен, астананы оңтүстіктен солтүстікке көшірді. Бүгінде елдің солтүстігінде де тұрғылықты ұлттың үлесі жыл сайын қарқынды өсіп келеді. Басқаша айтқанда, Қазақстан лидерлері көрегендік танытып, үш ғасыр бойы отарлаушылар қалыптастырған аса қатал, қауіпті этникалық-географиялық құрылымды тәуелсіздік жылдарында бұзып, оны ұлттық мүдделерге сай қайта құра алды. 

Қазақстанға мол саяси дивидендтер әкелген, ұлттық мүдденің ұпайын түгендеуге мүмкіндік берген көпвекторлы саясатты Тоқаев та табысты жалғастыруда. Сонымен қатар ол Мәскеудің шылауында кетпейтінін анық аңғартып отыр. Қазақстанның қазіргі Президенті салмақты екенін, Кремльдің жарға жығатын зәлім, зиянды ойынын ойнамайтынын 

байқатты. Бұлай сөйлеуге қуат-күші жететін болса керек.

– Жалпы мұндай мәлімдемелердің астарында бүкіл аймақты қамтитын ірі ойындардың көрінісі байқалмай ма?

– Әрине, бүгінде бүкіл әлемдік тәртіп өзгеріп жатыр. Ол Еуразиялық аймақты да айналып өтпейді. ПМЭФ-тен соң Тоқаев Иранға, Катарға, араб әлемне сапарлады, жабық келіссөздер жүргізді. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры Матео Мекаччимен жүздесуде Қ.Тоқаев Қазақстанның еуропалық құндылықтарға да бейілділігін растапты. 

Халықаралық сарапшылар Тоқаевтың Петербор форумында ДХР/ЛХР-ге қатысты айтқанына екпін түсірді. Мен болсам, Қазақстан Президентінің басқа мәлімдемелеріне де назар аудардым. Мысалы, ол америкалық-еуропалық санкцияларды қатаң ұстанатынын, Кремльге бола, бәйгеге басын тікпейтінін нақты айтты. Сөз арасында біз Қытаймен бірге былай істейміз, біз Си Цзиньпинь жолдаспен бірге бұған қатысты мынадай көзқарастамыз деген сияқты сөйлемдерді қосып, аймақтағы нағыз держава кім екенін жұмсақ қана түсіндірді. 

Кремль бүкіл посткеңестік кеңістікті қарқынды түрде жоғалтуда. Мұны Түркия лидері Ердоған да пайдаланып жатыр. Ол Ресейді Оңтүстік Кавказ аумағынан лақтырып тастады. Екінші Карабах соғысы барысында, 2020 жылғы қарашада босатылған Шуша қаласында 2021 жылғы 15 маусымда Ильхам Әлиев пен Реджеп Тайып Ердоған тарихи кездесу өткізіп, одақтастық туралы декларацияға қол қойды және Біріккен армияның құрылғанын жариялады. Яғни, Әзербайжанда түрік-әзербайжан біріккен армиясы құрылып отыр. Айтпақшы, Түркия – НАТО-ның мүшесі, демек, НАТО да Кавказ жағынан тақап келді. Мәскеу бұған қарсы ештеңе де жасай алмай қалды. 

– Кейінгі кезде ресейлік пропагандистер Қазақстанның жеріне қатысты жанжалды мәлімдемелерін өршітті. Мұның соңы неге соқтыруы мүмкін? 

– Жаман адам жанындағысын ұруға бейім тұрады ғой. Сондықтан Қазақстанға Мәскеумен арасын суытпай, тым жақындасып та кетпей, парасатты ара-қашықтықты сақтағаны абзал. Ресей барлық дерлік көршісінің жеріне көз алартады, бұған Литва мысал, бірақ Литва НАТО-ның мүшесі. Сондықтан Литвамен арада соғыс болады дегенге сенбеймін. Мәскеу Қытайға да жерге қатысты ештеңе айта алмайды. 

Кремль империяшыл саясатын өзгертпей, көршілеріне үнемі қауіп төндіруі мүмкін. Қазақстан достық пиғылдағы қарым-қатынастарын сақтай отырып, сондай-ақ төл Қарулы күштері мен шекарасын нығайта бергені маңызды.    

– Сонда Қазақстан батыл сөйлейтіндей, оның артында алпауыт сүйеніші бар деп есептейсіз ғой?

– Сүйеніші сөзсіз, бар. Ол бұрын да болған, әйтпесе, Мәскеудегі "байырғы жерлерді" жинағыштар соғысты Қазақстаннан бастауы мүмкін еді. Әлгінде айтқанымыздай, бір жағынан Қазақстанның өзі оған сылтау бермеуге күш салды. Сондай-ақ Путин алып автократтар Си, Ердоған – өзінен биік тұғырларда тұрған лидердер екенін, олардың екеуі қатар өзінен теріс айналса, оңбайтынын түсінді. Айталық, Кремль Сирияда Түркиямен ашықтан-ашық соғысып, оның әскерін түре қуып шығудан қорықты емес пе? Оның орнына Астана процесіне илігіп, Дамаскінің қарсылығына қарамастан,

Сирияны Түркиямен, Иранмен бірге бөлшектеуге дейін барды. Осыдан еркінсіген түріктер 2020-2021 жылдары Әзербайжанда да Мәскеудің тісін қағып алды. Ресейдң мәңгілік одақтасы Арменияның оккупациялаған 6 ауданды азат етті. Анкара мен Баку Кремлдің қарсылық білдіргеніне қарамады. Сондай-ақ 

Украинадағы соғысты бастамас бұрын, РФ басшысы Қытайға сапарлап, оның келісімін алғаны енді құпия емес. 

Ал Украина тірек тұтқан Еуропадан Путин қорқуды қойды. Меркель, Шольц, Макрон сияқтыларды, еуропалық өзге лидерлерді ұсақ, өзінен төмен санады. Украинаны тез басып алсам, олар мыңқ етпейді деп білді. Солай болатын да еді. Екі-үш күнде Киев құлағанда Батыс әлемі алаңдаушылық білдірумен, әрі кетсе, санкция енгізумен шектелетін еді. 

Қорыта айтқанда, батыстық сарапшылар (Пионтковский қазір АҚШ-та тұрады) Тоқаевтың табандылығына тәнті болған жағдайы бар. Қазақстан бір жардан екіншісіне жүгіріп, тұрақ таба алмай келген бүкіл Орталық Азияға жол, жөн көрсетті. Мәскеудей өрекпіген өктем күшті ауыздықтауға болатынын паш етті. Бұл тұрғыдан алғанда, Астананың халықаралық саясатын бақылау қызықты бола түсуде. Батыстық сарапшылардың Қазақстанға ынта-ықыласы ояна бастады. Бұл салмақты саясаттың әрі қарай қалай өрбитінін бақылап отыр. Астана жолдан тайып кетпей, Ресейдің империяшыл былығының Қазақстан мен Орталық Азияға таралуына тосқауыл қоя алса, жаңа әлемнен құрметті орын ала алады.

Дереккөз: inbusiness.kz