Алматылық кәсіпкер 3 әншінің концертіне 220 млн теңге бөлінгеніне қарсы
Неліктен бюджет қаржысы қаламыздың жас дарындарына грант ретінде емес, осы әртістердің концерттеріне жұмсалуы тиіс?
Алматы қаласының әкімдігі Роза Рымбаева, Марат Бисенғалиев және Жәмила Серкебаеваның концертіне бюджеттен 220 миллион теңге бөліп отыр. Бұл туралы кәсіпкер Ерлан Нұрпейісов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
Экспресс К сайты бұл ретте бюджеттен бөлінетін қаржымен іс-шараларды жарнамалау, залдарды жалға алу, концерттерге дыбыс пен жарық, ұйымдастырушылар (жетекші, режиссер), костюмдер, әншілердің жатын орны және салықтық шығындар төленетінін жазды. Алайда Ерлан Нұрпейісовтің оған қатысты өз уәжі бар. Одан да аталған сақа әншілердің жас ізбасарларына қолдау көрсеткен дұрыс деген пікірде.
Неліктен бюджет қаржысы қаламыздың жас дарындарына грант ретінде емес, осы әртістердің концерттеріне жұмсалуы тиіс? Жас таланттар ондаған жылдар бойы халықаралық деңгейде еліміздің намысын қорғайды. Оларға қаржылық қолдау ауадай қажет, - деп отыр кәсіпкер.
Оның ойынша, танымал әншілердің өздерін қамтасыз етуге шамасы жетеді. Олар қажетті қаржыны тойлардан-ақ жақсы тауып жүр.