Halyq Uni логотип
×

Ресейдің бас прокуроры Қазақстанның ішкі ісіне араласты

Ол шілдеде тексеріс болатынын айтты

 Дастан Жұмабекұлы 27.06.2022 | 10:46
Ресейдің бас прокуроры Қазақстанның ішкі ісіне араласты
Көрнекі фото

Минскте өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттер бас прокурорлары үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында Ресейдің бас прокуроры Игорь Краснов еліміздің ішкі саясатына араласып, қазақстандық әріптесі Берік Асыловқа өзінше ескерту жасағысы келді.

Ол екіжақты кездесуде елімізде украиналық үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен орыстарға қарсы саясаттың болып жатқанын айтып, доқ көрсетті.

Оның айтуынша, Қазақстанда украин ұлтшылдарының қолдауымен орыстардың құқы шектеліп, орыс тілінде сөйлеуге тыйым салынып жатыр-мыс.

Сондықтан мен осы мәселеде сіздің қолдауыңызды күтемін. Шілде айында біздің сарапшылар Қазақстанға барып, мән-жайды анықтап келеді, - деді ол.

ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың бұған не жауап бергені еш жерде айтылмады. Бас прокуратураның хабарлауынша, ол отырыста әріптестерімен қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастыруға қарсы күрес және активтерді қайтару, экстремистік, сондай-ақ өзге де құқыққа қайшы ақпаратты таратуға қарсы іс-қимыл, адам саудасына, заңсыз көші-қонға қарсы күрес және басқа да өзекті мәселелер талқылаған.

Ол өз баяндамасында қылмыстық процесте бизнесті қорғау, экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына және заңсыз шығарылған капиталды қайтару  мәселелері бойынша еліміздің оң тәжірибесінен хабардар еткен.

Сонымен қатар Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан, Армения, Өзбекстан, Ресей бас прокурорларымен екіжақты кездесулер өткізген. Ресейлік әріптесі Игорь Красновпен кездесуде адам құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан мен Ресей бас прокуратуралары арасындағы «Байқоңыр» кешені аумағындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Краснов сол кезде ескеру жасағысы келген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама