Бокс Олимпиададан шеттетіле ме?: ХОК жауап берді
Париждегі Ойындарда жарыстар IBA-ның аясында өткізілмейді
Халықаралық олимпиялық комитеттің (ХОК) Атқару комитеті Халықаралық бокс федерациясын (IBA) олимпиялық іріктеу турнирін өткізу құқынан алып тастады.
Бұл туралы Allboxing порталы хабарлады.
«Халықаралық Олимпиялық комитеттің Атқару комитеті Халықаралық бокс федерациясын (IBA) 2024 жылы Парижде өтетін Олимпия ойындары үшін іріктеу турнирін өткізуден шеттету туралы шешім қабылдады. Ол федерация президентін сайлаудан кейінгі IBA-ны басқарудың жайына қатысты туған проблемаларға байланысты шығарылып отыр», – делінген хабарламада.
Биылғы мамыр айының ортасында этика жөніндегі тәуелсіз топ федерацияның іс басындағы президенті, ресейлік Умар Кремлевтің жалғыз бәсекелесі голландтық Борис ван дер Ворстты сайлаудан шығарып тастаған болатын. Бірақ кейінірек Спорт арбитраж соты голландтықтың апелляциясын қанағаттандырып берді. Демек, оны сайлаудан шығарып тастаудың ешқандай уәжді себебі болған жоқ.
Осыдан кейін IBA кезектен тыс сайлау өткізуге дайын екенін мәлімдеді.
«Париждегі Олимпия ойындарында бокс жарыстары IBA-ның аясында өткізілмейді. Біз әзірге квалификация мен турнирдің өзінің қалай өтетінін анықтай қойған жоқпыз. Бірақ олар IBA-ның аясында өтпейді», – деп мәлімдеді ХОК-тың спорт директоры Кит Макконнелл.
Ал Париждегі Олимпиада 2024 жылы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.
Осы жерде айта кететін бір нәрсе, Умар Кремлёв – Гафур Рахимовтің өте жақын сыбайласы.