«Дариға Назарбаеваның адамгершілігі жоғары» – Арман Шораев
Дариға Назарбаева 2002-2003 жылдары оған бірнеше рет қызмет ұсынған
КТК телеарнасының бұрынғы басшысы Арман Шораев «Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұқбатында Дариға Назарбаевамен байланысы және Рахат Әлиевпен болған текетірес туралы айтты.
Арман Шораевтың айтуынша, Дариға Назарбаева 2002-2003 жылдары оған бірнеше рет қызмет ұсынған. Алайда, ол бұл ұсыныстардан бас тартқан екен. Бұған КТК телеарнасында қарапайым тілші болып жұмыс істеген кезіндегі оқиға себеп болыпты.
Облыстық телерадиокомпанияның алдында мен КТК-да істегенмін. Осы арнаның елордадағы тілшісі болдым. 1997 жылы КТК-да Гиллер Борис Абрамович деген құрылтайшы болды. Сол кісімен келіскенбіз. «Арман, сен бұл жерде екі жыл жұмыс істейсің. Ал мен саған қызметтік пәтерді сыйлаймын» деді ол. Пәтерді бергенімен, 1999 жылы телеарна Рахат Әлиевке өтіп кетті. Содан кейін мен Көкшетауға кетіп қалған едім. Біраздан кейін финполдың Көкшетаудағы бастығы шақырып алып, қызметтік пәтерді қайтаруымның керектігін ескертті. Мен Борис Гиллермен келіскенімді, баспананың менің меншігіме айналуы керектігін айттым. Ал ол бұл Рахат Мұқтарұлының тапсырмасы екенін ашық айтты. Егер босатпасаң сенің үстіңнен іс қозғаймыз деді, - дейді Арман Шораев.
Бұдан кейін Шораевтар әулеті елордадағы екі бөлмелі пәтерді телеарнаға қайтарып беруге мәжбүр болған. Тағы екі жыл өткеннен кейін Назарбаевтар отбасы Арман Шораевқа кезекті ұсыныс жасапты.
«Екі жылдан кейін маған Дариға Назарбаеваның кісілері келген кезде мен «Айналайындар, менің ызам мол. Пәтерімді тартып алған Дариғаның күйеуі. Сондықтан мен сендермен қызметтес болғым келмейді» дедім. Бір күні маған Дариғаның жақсы досы қоңырау шалды. Кім екенін айта алмаймын. «Дариға іс-сапарға шығып, облыстарды аралағалы жатыр. Көкшетауға да келеді, оны қарсы аласың ба?» деп сұрады. Енді ханның қызы ғой, танымасам да қарсы алайын деп келістім. Сөйтіп, бір мейрамханада біраз отырып, әңгімедүкен құрдық. Шынымен де, Дариғаның адами қасиеттері жоғары екенін байқадым. Солай мен өз келісімімді бердім» - деп сырын ақтарды белгілі кәсіпкер.
Осы келісімнен кейін қоғам белсендісі Дариға Назарбаеваның «Асар» партиясы атынан парламенттік сайлауға түсіп, екінші кезеңнен өте алмай қалады. Оның есесіне Дариға Назарбаева Арман Шораевты астанаға алдыртып, «Хабар» телеарнасының басшылығына тағайындап, кейін Президент әкімшілігінен қызмет берген. Бұл қызметтен кейін қоғам белсендісі туған қаласы – Көкшетауға әкім болып барғалы жатқанда ол «КТК» телеарнасының директорлығына тағайындалады.
Дариға Назарбаева мені КТК телеарнасына басшы қылды деп айтады. Мені телеарнаға басшы қылған Дариға емес. Ол кезде Рахат Алиев, банкирлердің мәселесі басталған болатын. Көкшетауға әкім болып бара жатқан жерімнен Мәулен Әшімбаев шақыртып алып, «Арман, біз ойланып сені КТК-ға директор қылып жіберетін болдық» деді. Мен Көкшетауыма әкім болып бара жатқанымды айтты. Сөйтіп, ол мені Әділбек Жақсыбековке алып барды. Ол – «Арман, кіп-кіштентай ауылда не жоғалттың?» деген сөздер айтты. Ал мен ауыл болса да менің туып өскен жерім екенін айттым - деп еске алады Арман Шораев.
Қоғам белсендісінің айтуынша, сол кезде оған КТК-ға бармасаң Көкшетауға да әкім болып бармайсың деген ультиматум қойылыпты.