Halyq Uni логотип
×

Арқалықтың экс-әкімі Торғай өңірін дамытудың жолын көрсетті

Үкімет пен Парламентке құлаққағыс

 Дастан Жұмабекұлы 23.06.2022 | 17:54
Арқалықтың экс-әкімі Торғай өңірін дамытудың жолын көрсетті
коллаж: Halyq Uni

Жомарт Түбекбаев Арқалық қаласына екі күндік сапармен баратын Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттарына құлаққағыс ретінде Торғай өңірінің қазіргі жағдайы мен оның облыс болып қайта ашылуы үшін қандай жұмыстардың атқарылуы керектігін айтып, өз ұсыныстарын жолдады.

«Арқалық қаласына, қаланы тығырықтан шығару, дамыту жоспарын жасау үшін Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары барып, екі күн жұмыс атқарады екен. Мұның алдында Үкіметке, облыс әкіміне, Мәжіліс депутаттарына Амандық Әмірхамзин, Батыр Сейкенов, Құрманғали Дәркенов, Ғалым Байназаров, Серік Садықов секілді азаматтармен бірге өз ұсыныстарымызды жазбаша да, ауызша да берген болатынбыз. Парламент Мәжілісінің экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің төрағасы, депутат Альберт Рау Торғай облысын қайта ашу мақсатында құрылған ынталы топ мүшелерін комиссияның жұмысына кіргіземіз деп, кейін кіргізбегендіктен, өз пікірімді әлеуметтік желіде ашық жазуды жөн көрдім», - дейді кәсіпкер.

Оқырманның назарына кәсіпкердің осы жазбасын жариялауды жөн көріп отырмыз.

2012-2015 жылдары мемлекет қазынасы есебінен 215 шақырым Арқалық-Шұбаркөл темір жолы салынды. Бұған Торғай атырабы тегіс қуанған. Өйткені, темір жол салудағы басты себеп Арқалық қаласы мен Торғай өңіріне төте темір жол салу арқылы өңірді арзан көмірмен қамтамасыз ету мақсаты тұр дегенге қуанбай қайтеді.

2012 жылы Шұбаркөлдегі кеніште 1 тонна көмір 6 мың теңге тұратын. Арқалыққа жеткізгенде ол 9 мың теңге, Торғайда 10 мың теңге еді. Сол уақыттағы (облыс әкімі Н.Садуақасов) жаңа темір жол салғанда көмір құны 4 500 - 5 мың теңгеге екі есе арзандайды дегенін естігенде, жұрттың арқасы біраз кеңіп қалған-ды. Содан  кейін 2021-2022 жылдың қысы келді. Шұбаркөл кенішіндегі көмір бағасы 9 000 теңгеге өсті, ал Арқалықтағы ТЭЦ-ке 15 100 теңге өсіп барып жетті. Осылайша арзандайды деген көмірдің бағасы орындалмас арманға айналып, 10 жылда көмір Арқалықта 151%-ке, ал Торғайда 18 000 теңге болып 180 % өскен.

Енді мынаған зер салыңыздар.

Арқалыққа көмірді арзан етеміз деп 150 млрд теңгеге темір жол салды. Арзан, сапалы жылу болады деп 7 млрд теңгеге жаңа көмірмен жанатын ТЭЦ тұрғызды. Іс жүзінде бәрі басқаша шығып жатыр. Жоғарыда айтқандай көмір бағасы 180 % өсті. Бұрын ескі ТЭЦ-ке мазут алуға бюджеттен 2 млрд тг қаражат беретін, Архимед Бегежанұлының 7 млрд тг арзан жылу беретін ТЭЦ-і толық жұмыс істемейді. Шығыны бұрынғы ТЭЦ-тен кем болмады. Өзі электр энергиясын өндіріп сатпақ түгіл, электр қуатын қажет етіп, оған тағы қосымша қаржы жұмсады. Былтырғы қыста 700 млн теңге бюджеттен (жалақы, дебиторка) қарызын жабуға, 600 млн теңге көмір алуға, жаңа ТЭЦ аязда жиі сынған кезде қайтерін білмей, ескі ТЭЦ-ті қосып, бұрыннан қалған 2 мың тонна мазут жаққан (600 млн тг), жаңа ТЭЦ бу шығара алмағандықтан мекеме электрге 230 млн теңге берешек болып отыр. Сонда қарасақ, жаңа ТЭЦ-ке жұмсаған, жұмсайтын шығын 2,1 млрд теңге болып тұр. Әрі жаңа ТЭЦ толық жұмыс режимінде істей алмайды. 150 млрд теңге қазына ақшасын жұмсаған темір жол экономикалық тиімділік бермеді (көмір 180% өскен) 7 млрд ақша жұмсап салған ТЭЦ арзан жылу, электр бере алмады, бюджеттен алатын көмегі де еш азаймады. Сонда бар жұмсалған қыруар қаражат желге ұшқан. Не арзан көмір жоқ, не теміржолдан пайда жоқ, не салынған ТЭЦ қаланы жылытпақ түгіл өзі демігіп әзер тыныстап тұр. Сонда кім ұтты?  Торғай атырабы ештеңе де ұтқан жоқ. Қайта алдағы қыс Арқалыққа жылусыз қатып қатері төніп тұр (былтырғы қыстағыдай жаңа ТЭЦ параметр ұстай алмаса, былтырғыдай мазут жоқ). Бұл құр байбалам емес, нақты қауіп. Осыны Үкімет мүшелері мен депутаттар  ескеріп, сонау жақтан Державинск-Арқалықтың жаман жолымен жүріп келген сапарлары еш нәтижесіз болмай, сәтті, нақты жұмыстар жасалып нәтиже болатын сапар болса екен.

Мәселенің мәнісіне келсек, оның жөні жанашырлықта жатыр. Егер 30 жыл бойы қаланың жылуына 60 млрд теңге, темір жол салуға 150 млрд теңге, жаңа ТЭЦ салуға 7 млрд теңге бөліп, барлық 217 млрд теңгеге Ырғыздан (Бұқара-Орал газ құбыры) газ тартқанда Арқалық қаласы мен Торғай, Амангелді, Амантоғай, Атбасар, Жалтыр, Егіндібұлақтың халқының жағдайы жақсарған болар еді ғой. Қайран қаражат! 217 млрд Торғайға газ болып жеткенде атырап қалай гүлденер еді. Инвестор шақырсаң да ынталанар еді. Енді міне, отырған желге ұшқан қыруар қаражатқа іш удай ашып.

Үміт тері илеу цехы да 20 жылдан бері жыр болып келеді. Толық іске қосылып жұмыс істеген емес. Құс фабрикасы мен ет комбинаты, банкроттық жағдайда тұр. Себебі, өнім өтпейді, нарықта бәсекелес емес. Арқалыққа дұрыс жол жоқ. Ең әуелі Арқалық – Державинск, Торғай-Ырғыз, Арқалық-Ұлытау авто жолын дұрыстап салу керек. Сонда өңірде транспорт тұйықтығы болмайды. Торғай өңірі транзиттік жол болады

 Торғай даласы аң-құстың Меккесі (киік, елік, құлан, қасқыр, қаз, үйрек, дуадақ, басқа да аң-құстар) болғандықтан Алматыдағы Охотзоопромды Арқалыққа көшіріп, шикізат болмай тұрған ет комбинаты мен тері илеу цехтарына киік еті мен терісін илейтін өндіріс жасау керек.

Арқалыққа мемлекет тапсырысы бар мекемелердің («Қазақстан темір жолы», «Қазмұнайгаз», «Казатомпром» компаниялары) өндірісін кіргізіп тапсырыстарын Арқалықта істету керек. Мысалы, «Қазақстан темір жолы» компаниясы арқылы көмір, щебень таситын вагондарды жөндейтін және құрап жасайтын зауыт ашуға болады. Осындай ірі мекемелерді қалаға кіргізу арқылы өндірістің локомотиві жасалар еді. Жол жақсы болса, газ келсе, ірі өндіріс ашылса, шағын бизнес те дамып, инвестор да қалаға, өңірге қызыға келетініне сенімдімін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама