Экс-президенттің істеріне болашақ ұрпақ саяси баға береді
Мемлекет басшысы Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында тағы да экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметпен қарау керектігін айтты.
Ол еліміздің соңғы 30 жылдағы саясатына қатысты қызу пікірталаста саяси әділдікті ұмытпау керектігін атап өтті.
«Елінің дамуына лайықты үлес қосқан қоғамдық-саяси көшбасшыларын, ғылым және мәдениет қайраткерлерін қадір тұтпайтын халықтың болашағы да бұлыңғыр болмақ. Біз, қазақ халқы, саяси тұлғаларымыздың еңбегіне құрметпен, парасаттылықпен қарауымыз қажет. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасына да қатысты ақиқат. Оның Тәуелсіз елімізді құру ісіне сіңірген еңбегін бүкіл әлем қауымдастығы мойындады. Сондықтан Тұңғыш Президенттің тарихи рөліне құрметпен қарау – бәрімізге ортақ міндет. Оның саяси мұрасына болашақ ұрпақ әділетті бағасын бермек. Ал, қазіргі ұрпақ өкілдері еліміз үшін табанды жұмыс істеуі керек. Біз бәріміз халық ретінде, ең алдымен, еңбекқор болуымыз қажет. Саяси ойындарға тосқауыл қойған жөн. Біз өткенге жалтақтамай, жарқын болашағымызға зор сеніммен қадам басуымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.