Бұл адамның құқығын бұзушылық, - деп айтты
Актер, кинопродюсер Нұртас Адамбай еліміздегі мектептерде хиджаб киюге тыйым салынғанына қарсы екенін ескертті.
Бұл туралы ол Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, хиджаб кигісі келген қыз бен Алланың арасындағы қарым-қатынасты білдіреді. Оған ешкімнің араласуға қақы жоқ.
Алла орамал тағуды әйелдердің құқығын таптау үшін емес, керісінше, оларды қорғау үшін бұйырған. Оранған әйелдер өзін Алланың қамқорлығында жүрміз деп сезінеді.
Мектептерде хиджаб киюге тыйым салатыны дұрыс емес деп санаймын. Өйткені, бұл адамның құқығын бұзады. Біздің елде заң бойынша дін ұстану еркіндігі бар. Мектеп оқушысы орамал таққысы келсе, ол оның Алламен қарым-қатынасы. Оның арасына түсуге болмайды, – деді Адамбай.
Актердың айтуынша, қыздың орамал таққанынан ешкімге зиян келмейді.
Орамал тақпайтын басқа қыз ол үшін өзін жаман сезіне ме? Ол бір қорқынышты бетперде тағып алып, адамдарды қорқытып жүрген жоқ қой, – деді кинопродюсер.
Осы ретте Адамбай оқу орындарында, қоғамдық жерлерде қысқа етекті юбка киюге тыйым салынбағанына қынжылысын білдірді. Оған айналадағы барша ер адамның назары ауатынын, сол арқылы күнәға бататынын түсіндірді.