×

Асқар Мамин сотқа куәгер ретінде шақырылады

Ералы Тоғжанов пен Тамара Дүйсенова да Біртанов ісі бойынша куәгер болады

 Айнұр Шошаева 23.06.2022 | 12:52
коллаж: Halyq Uni

Қазақстанның экс-премьері Асқар Мамин Елжан Біртановтың ісі бойынша куәгер ретінде сотқа шықырылады. Бүгін Сарыарқа аудандық сотында Елжан Біртановтың Қазақстан үкіметіндегі бұрынғы әріптестерінің бірқатарын отырысқа шақыру туралы өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Сот менің қорғаушы куәгер ретінде келесі адамдардың басты сот талқылауының тиісті отырыстарына шақыру туралы өтінішімді қанағаттандырды. Ол бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин, менің 2020 жылғы маусымдағы Жамбыл облысына қызметтік іссапарымның, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласына санитарлық авиация бортымен оралуымның мән-жайлары бойынша куәлік ету керек», - деді Біртанов сот отырысынан кейін.

Сондай-ақ сотқа премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов шақырылатыны белгілі болды. Ол 2021 жылғы қазанда ҚР ЦДИАӨМ және ҚР ДСМ өкілдерінің қатысуымен ҚР-дағы Хорватия елшілігінің, Эриксон Никола Тесла компаниясының өкілдерімен келіссөздерге қатысты шақырылады. Бұған қоса, қазіргі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР бұрынғы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, интероперабельділік платформасын әзірлеу бойынша конкурс өткізу, Эриксон Никола Тесламен келісімшартқа қол қою, оған өзгерістер енгізу және оны 2017 жылғы қаңтарға дейін іске асыру жағдайлары бойынша куәгер болады. 

«ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «2020-2022 жылдарға арналған платформаны енгізу жөніндегі жол картасын бекіту туралы» ҚР ДСМ-мен бірлескен бұйрыққа қол қою және іске асыру, сондай-ақ іске қатысы бар ҚР Денсаулық сақтау саласындағы цифрландырудың басқа да жобаларын іске асыру жағдайлары бойынша шақырылады», - деді Біртанов.

Сонымен бірге Халықаралық қайта құру және Даму банкінің жетекші маманы Марсело Бортман мен аталған банктің аға амаманы Бақытбек Жұмәділдің шақырылғанын айтты. Олар денсаулық сақтау саласындағы жобалар бойынша, конкурстық рәсімдерді өткізу, жеткізушіні таңдау, келісімшартқа, қосымша келісімдерге қол қою, оны іске асыру және аяқтау мерзімдерін ұзарту мәселелері бойынша жауап беретін болады.

Бұрынғы әріптестерімнің шынайы айғақтары сотқа мені айыптаған қылмыстық істе шындықты анықтауға көмектеседі деп сенемін, - деді экс-министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама