Осыншама газды игере алмай отырмыз, дейді маман
QazaqGaz ҰК Қазақстандағы тауарлық газ тапшылығын шешу жолдарын әзірледі. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Санжар Жаркешов мәлімдеді.
Оның сөзінше, келесі жылы ішкі нарықтың газға сұранысы арта түседі.
Алысқа кетпегеннің өзінде, келесі жылы ішкі нарық қажеттіліктері газдың қолжетімді ресурстарынан 1,7 млрд м3 асып түседі деп болжанып отыр. Жедел шаралар қабылданбаса, газ экспорты 2023 жылы тоқтатылады. Болжам көңіл көншітпейді. Алайда бүгінгінің шындығы - осы, - деді Жаркешов.
Атап өтсек, Президент жақында өткен шетелдік инвесторлар кеңесінде газ тапшылығын болдырмау мақсатында нақты тапсырмалар берген болатын. Нақыталасақ, Тоқаев экспорттан бұрын ішкі нарық сұранысын жабуға басымдық беру қажет екенін айтты.
Осыған орай, QazaqGaz Қазақстанның газ секторында болуы мүмкін дағдарысқа қарсы шаралар әзірледі.
«Ресурстық базаны кеңейту, газдандыру жобаларының тиімділігін арттыру және газға қосылу құнын төмендету бойынша кезек күттірмейтін шараларды енгізуді жеделдету қажет. Себебі халықтың 43%-ы газға қосылмаған. Елдің көгілдір отын қоры ондаған жылдан астам уақытқа жеткілікті. Мәселе ГӨЗ қуатының аздығында болып тұр», - деп қосты ол.
Санжар Жаркешовтың айтуынша, өндіріс пен өңдеу көлемін арттыру маңызды. Сондай-ақ ол Санкт-Петербургте өткен экономикалық форум аясында QazaqGaz Орынбор газ өңдеу зауытындағы қазақстандық газдың өңдеу көлемін арттырып, ішкі нарыққа тауарлық газ көлемін жеткізуді жылына 1,7 млрд м3 дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін келісімшартқа қол қойылғанын еске салды.
Қолда бар қуаттардың технологиялық шешімдері газ параметрлеріне сәйкес келмейді. Осыған байланысты «Қашаған» ГӨЗ құрылысы жобасын «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ға беру туралы шешім қабылданды. Жұмыс істеп тұрған газ өңдеу қуаттарын жүктеу және жаңаларын дамыту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Әлеуметтік әділ баға реформасы: әлеуметтік әлсіз топты қорғайтын бағаны қалыптастыру қажет, - деп толықтырды компания басшысы.
Еске салсақ, Қазақстан өз алдына экономиканы карбонсыздандыру, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және елдің энергетикалық балансы құрылымындағы газ көлемін 2030 жылға қарай 25 пайызға жеткізуді көздеп отыр.