×

Нұрқаділов пен Сәрсенбаевтың қазасына билік жауапты - Шабдарбаев

Олардың кісі қолынан қаза тапқандары ешқашан күмән туғызған емес

 Дастан Жұмабекұлы 22.06.2022 | 10:00
фото: almaty.tv

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың айтуынша, Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқаділовтың қазасына билік жауапты.

Комитеттің бұрынғы басшысы Nege.kz сайтына сұхбат беріп, біраз шындықтың бетін ашқан. Ол Алтынбек Сәрсенбаевты өлтірген қылмыскер ұсталғанда әдейі түрмеге барып, сөйлескенін, енді іске тереңдей бастағанда оны билік тоқтатып, қызметінен кеткенін айтты.

«Мен қазір билікте емеспін ғой. Оны қазір айтсам, тек болжам ретінде айта аламын. Ал бірақ «нақты осылай болды, осы істеді» деп айтсам, мені сотқа беруі мүмкін.

Мені Алтынбек өлтірілген соң 5-6 күннен кейін ҰҚК-ге төраға етіп тағайындады. Бірақ осы істі аяғына дейін жеткіздім деп ойлаймын. Мысалы, Алтынбектің өлімі туралы Рахат Әлиев кезінде кітабында жазды. Одан кейін Әлнұр Мұсаев та қаншама сұхбат берді. Осылай әрқайсысы айтып-айтып келеді де, соңына таман өз ыңғайына қарай бұрып жібереді. Бірақ барлығының сөзінде шындық бар.

Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтірген адам белгілі. Қылмыскер Торғайдағы түрмеде жатқанда оған барып, 2-3 сағат сөйлестім. Сұрақ қойдым, жауап алдым. Оның бәрі жазылған. Бұл менде болды. Сонымен, бәрін жазып, тексеріп жүргенде Назарбаев: «Тоқтат!», – деп, бұл істі белсенді түрде тергеп-тексергенімді қаламағанын білдірді.

Содан жазылған таспаның бәрі бізде қалды. Мен қызметтен кеттім. Менен кейін маған көмектескен әріптестерім болды. Орынбасарым болған Әділ Шаяхметов 8 ай істеді. Одан кейін Нұртай Әбіқаев келіп, 5 жылдай отырды. Ол біздің материалдарды алып, Рахат Әлиевті кінәлі етіп шығарды», - деді ол сұхбатта.

Одан әрі ол өмірде ешкімнен және ештеңеден қорықпайтынын, Алтынбек Сәрсенбаевтың туыстарымен кездессе, бәрін ашық айтатынын атап өтті.

«Өмірде ештеңеден қорыққан емеспін. Біраз нәрсені ашылып айтып жатырмын. Енді бұл сөз артымнан қалмайды. Алтынбектің туыстары келетін болса, журналистермен бірге әңгімелесіп отырып, қай жері дұрыс, қай жері бұрыс екенін ашып бере аламын. Бәріне жауап беретін уақыт келді, айтамын. 

Бір жағынан Рахаттың да кінәсі бар. Оның банктің екі қызметкерін өлтіргені рас. Бұл істі де ашуды мен бастадым. Бұл туралы екі жыл бұрын ҰҚК-нің департаментіне берген сұхбатымда ресми түрде айтқанмын. Олар мұны шығармады», - деді ол.

Осы арада ол Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың ұрымтал сәтті пайдалана отырып, қылмыскерге тапсырма бергенін айтты.

«Бұл екеуі жағдайды бақылап отырып, ұрымтал сәтте сырттан тапсырма беріп жіберді ме деп ойлаймын. Яғни, Ибрагимовке тапсырманы шынымен де Әлиев пен Мұсаев беруі мүмкін. Себебі, «Арыстанның» жігіттеріне олардың телефондарын әдейі берген. Олар телефон арқылы ұсталды. Өзім сол кезде «Арыстанның» жігіттерін құтқарайын-ақ деп оқталып едім. «Бұлардың кінәсі жоқ. Оларға тапсырма берді, бұлар орындады», – дедім», - деді Шабдарбаев.

Сонымен бірге ол Заманбек Нұрқаділовтің қазасына да биліктің қатысы бар екенін атап көрсетті.

«Қозғауға болмайды, уақыт өтіп кетті» деп айтуға да болмайды. Заманбек өзін-өзі өлтірген жоқ. Оны өлтіруге тапсырма берілді. Өлтірілді деп айтуға болады. Өлген адам өлді. Енді қазір тіріліп келмейді. «Өлтір деп кім тапсырма берді?» деген сауалға «билік» деп айтуға болады. Яғни, бір ғана адам емес.

Егер билікте болсам, шындықты айтқызып, тапқызып, дәлеліне дейін көрсетіп берер едім. Бірақ қазір менің қолымда билік жоқ, құры айтқаным дұрыс болмайды. Сосын мұндайды мойныма алғым да келмейді. Мұны біреулер пайдаланып кетуі мүмкін», - деді ол.

Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаевтың кісі қолынан қаза тапқандары ешқашан қоғам арасында күмән туғызған емес.

Мемлекет және қоғам қайраткерлері Заманбек Нұрқаділов – 2005 жылғы 12 қарашада, Алтынбек Сәрсенбаев 2006 жылғы 11 ақпанда өлтірілді. Араларын тура үш ай уақыт бөліп жатыр. Бұл кезде, яғни 11.12.2001-22.02.2006 жылдар аралығында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетін Нартай Дүтбаев басқарды. Ал Амангелді Шабдарбаев 02.03.2006-07.12.2009 жылдары комитет тізгінін ұстады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама