Қаңтар оқиғасында азапталған Нұртас Қаранеев ісі қалай қаралып жатқанын айтып берді
Ол Антикорға жеті беттік арыз жазған, бірақ әлі жауап жоқ
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оқ тиіп жараланып, СИ-18 түрмесінде азапталған Нұртас Қаранеев үстінен қозғалған істің әділ қаралатынына сенбейді. Оның сөзінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жеті беттік арыз жазған. Ол жазған арыздарынан еш нәтиже жоқтығын айтады.
«Мені 3 ақпанда шығарды. Қалпыма келу үшін екі аптадай уақыт күттім. Басында үстімнен қозғалған істі (272-бап) тоқтататын шығар деп ойладым. Бірақ ондай ешнәрсе болмады. Бүгінге дейін тергеу амалдары жүріп жатыр. Біз прокуратураға барып, арыз-шағымымызды жаздық. Антикорға барып, мен жеке өзім барлығын көрсетіп, жеті бет арыз жаздым. Камерада бірге отырған Дәулет деген баланы кімнің ұрғанын айттым. Бірақ прокуратураның адамдары сендердің куә болғандарыңмен ұрған адамдарды күдікті деп тани алмайтынын айтты. Алайда, бізді бір күннің ішінде күдікті деп таныды ғой. Қазір ешқандай өзгеріс жоқ», - дейді Қаранеев.
«БҰЛ – БІЗГЕ ЖАСАЛЫП ЖАТҚАН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫСЫМ»
Қаранеев қамауға алынған Қосай Махамбаев туралы да айтып өтті.
«Біз маусымның 1-іне дейін аптасына екі рет прокуратураға келетінбіз. Ол күндері ешқандай митинг ұйымдастырған жоқпыз. Бізбен бірге жүрген Қосай Махамбаевты заңсыз митингке шақырды деп 15 тәулікке қамады. Кейіннен 272-баппен (Қаңтар оқиғасынан кейін үстінен қозғалған қылмыстық іс – ред.) екі айға отырғызып тастады. Бұл - бізге жасалып жатқан моральдық-психологиялық қысым. Прокуратураға келгеннен пайда жоқ болып қалды. Әділдік жоқ. Бізге олар «тыныш отырыңдар, 15 маусымда істерің жабылады» деп айтқан. Бірақ біз прокуратураға өзімізбен бірге қамауда отырған азаматтар үшін де бардық... Прокуратураға барғаннан ешнәрсе шешілмейді. Сенім жоқ. Бұлар ойына келгенін істеді де, Қосай Махамбаевты жауып тастады. Оны жауып тастауға не себеп болды? Мен оны қамауға қандай да бір себеп болды деп санамаймын. Ол өзінің арыз-шағымымен жұмыс істеді. Ешқандай саясатқа араласқан жоқ», - деді Махамбаев туралы.
«СОТ ӘДІЛ ШЕШІМ ШЫҒАРАДЫ ДЕП ОЙЛАМАЙМЫН»
«Сотымыз бола ма, болмай ма, ол жағын білмеймін. Сот болу үшін нақты айғақ керек. Істі сотқа жіберу үшін тергеушіде дәлел болуы керек. Ондай дәлел болмаса, сот істі кері қайтарып жіберуі мүмкін. Бірақ бізді қамаймыз десе, Қосай Махамбаев сияқты жауып тастайды. Мен ісімнің әділ қаралып, сот әділ шешім шығарады деп ойламаймын.
2 маусымда Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған Қосай Махамбаевты Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты «бейбіт митинг өткізу тәртібін бұзу» бабы бойынша 15 тәулікке қамаған. Кейіннен Қаңтар оқиғасына байланысты үстінен қозғалған іс бойынша екі айға қамауға алынған.
Бұл маған жасалып жатқан қысымның бір түрі. Енді Қаңтар кезінде мені азаптаған адамдардың қолында боламын, - деген Махамбаев соттан кейінгі сөйлеген сөзінде.
Жазып алған: Есдәулет Қызырбекұлы