Асхат Аймағамбетов жұмысты бітіру үшін екі апта берді
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов аппараттың жиналысында облыстық білім басқармаларының басшыларын сынға алды.
Ол Балалар жылына байланысты бекітілген жоспардың жүйесіз жүргізіліп, жергілікті білім басқармаларының жұмыстарының тиісті дейгейде істелмей жатқанын айтты.
«Балалар жылы бойынша жоспар бекітілді. Оның жүйелі түрде жүргізілгенін көрмедім. Балалар жылы бойынша өңірлердің жоспарларын қайта қарау керек. Оларды толықтыру керек. Әр ауданның әлде қаланың білім бөлімі бойынша осындай жоспар болуы керек. Жалпы, жүйелі түрде істелінетін шаруалар мен күнделікті болып жатқан мәселелерді айыра алмай отырсыздар. «Осыншама мектеп жөндеп жатырмыз» дейсіздер», - деді Асхат Аймағамбетов білім басқармасының басшыларына.
Сонымен бірге ол Балалар жылында істелінетін шаруаларға дайын болу керектігін ескертті.
«Жоспардағы 200 іс-шараны қайтадан қараңыздар. Сіздерге екі апта уақыт беремін. Күнделікті, балалар жылы болмаса да өткізілетін іс-шараларды қосудың қажеті жоқ. Балаларға байланысты қандай проблемалар бар болса, соны қосу керек. Бізге формалды түрдегі іс-шараларды қосудың қажеті жоқ», - деді ол.