«Бұйрықты орындамады». Генерал Бақытжан Ертаев бұрынғы Қорғаныс министрінің жіберген қателігін атады
Бақытжан Ертаев қазіргі әскери жүйеге тексеріс іштен емес, сырттан жүргізілу керектігін айтады
«Батылы жоқ адамды мен офицер санамаймын» деген генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев бұрынғы Қорғаныс министрі Марат Бектановтың қаңтар қақтығысы кезіндегі әрекетсіздігіне қатысты пікір білдірді. «Халық қаһарманы» «Сұрауы бар» YouTube арнасына сұхбат беріп, экс-министрдің жіберген басты қателіктерін атады.
«Мен бас штабты басқардым. Тіпті 9 ай Қорғаныс министрінің орынбасары болдым. Бектановты білемін. Екеуіміз бас штабта жүргенбіз. Оған мен басқарудың тәсілдерін айтып жүретінмін. Командир болдың ба? Шешімге келіп, бұйрықты орында. Шығынсыз орында. Қарсы келгенді жой. Сосын қателігіңді мойында. Бұрық талқыланбайды, бұйрық орындалады. Бұл сол жағынан сәл бостық танытқан сияқты. Неге генерал (Бектанов ред) болған оқиғаны айтпайды? «Ия, мен бұйрықты орындамадым. Мойындаймын», деп. Тергеу жүріп жатыр. Генерал деген генерал болуы керек қой. Оның үстіне қарулы күштердің министрі болсаң...», - деді Бақытжан Ертаев.
Сондай-ақ, Бақытжан Ертаев қазіргі әскери жүйеге тексеріс іштен емес, сырттан жүргізілу керектігін айтады. Яғни, Генаралдық инспекция қызметін қайта енгізу қажет. Сонда кімнің қандай жолмен генерал болып жатқаны анықталмақ. Мұндай өтінішін ол президентке хат жүзінде жолдапты.
«Президентке хат кетті. Алды ма, алмады ма білмеймін. Біздің қарулы күштер өз-өзін тексереді. Бұрын Кеңес кезінде генералдар инспекциясы болған. Мен өзі инспектор болдым. Қарулы күштердің бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл қарулы күштер, шекара және Ішкі істерден біріккен комиссияда болуы керек. Оған бюджеттен ақша бөлінбейді. Сонда Бас қолбасшы біледі, қайсысы паркетте жүріп генерал лауазымын алды, қайсысы окоптан шығып генерал болды. Әйтпесе, қазір таңғаласың, кеше ғана түк білмейтін, танкімен ата алмайтын жігіт генерал болып жүреді», - дейді Бақытжан Ертаев.