Тимур Құлыбаев «Атамекен» ҰКП төрағасы қызметінен кетті
Жаңадан құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі, экономист Олжас Құдайбергенов бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы қызметінен кеткен Тимур Құлыбаевқа қатысты пікірін айтты.
Құлыбаев мырзаның мұнай секторының негізгі бенефициарларының бірі ретінде азаматтық сана-сезімі жоғары екеніне күмәнім жоқ, және өз активтерінің 99 пайызын қайырымдылыққа берген кейбір америкалық миллиардерлер сияқты әрекет ететініне сенімдімін. Егер бұл ақша «Қазақстан халқы» қорына түссе, азаматтық сана-сезімі жоғары болғаны үшін жеке алғыс айтуға дайынмын, - деп жазды ол.
Бұған дейін QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен «ҚазТрансОйл» компаниясының басқарма төрағасы Димаш Досанов та қызметтен кетті.
Ашық дереккөздерде Қайрат Шәріпбаевтың Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі екені, ал Димаш Досановтың - Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның күйеуі екені айтылады. Ал, Тимур Құлыбаев – Н.Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Назарбаеваның күйеуі.
Тимур Құлыбаев әлі күнге дейін Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, Kazenergy қауымдастығының төрағасы, «Газпром» ЖАҚ директорлар кеңесінің мүшесі және тәуелсіз директоры, Қазақстан бокс федерациясының құрметті президенті.
Forbes Kazakhstan-ның ең беделді 50 бизнесменнің алғашқы рейтингі 2011 жылдың қазанында жарық көрді, он жылдың ішінде ол тізімге 90-ға жуық бизнесмен енді. Бұл тізімде Тимур Құлыбаев пен Болат Өтемұратов алма-кезек көш бастап келеді, үздік ондықтан түскен емес.
Тимур Құлыбаев жұбайы Динара Құлыбаевамен бірге «Алмэкс» холдинг тобы» АҚ-на ие, холдинг арқылы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-дағы мажоритарлық үлестің иесі. Топ Қазақстанда, Ресейде, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Тәжікстан мен Грузияда жұмыс істейді. Сондай-ақ Қазақстанда Халық Банкіне «Altyn Bank» АҚ-ның 40%-ы тиесілі.
Құлыбаев «Кипрос» ЖШС-ның негізгі иесі. «Кипрос» тобының құрылымына «Viled Group» ЖШС, «Emdeu Group» ЖШС, «iQ Solutions» ЖШС, «PetroRetail» ЖШС (ҚМГ жанармай құю бекеттері желісі), Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент пен Дубайдағы жалпы аумағы 800 мың шаршы метрден астам коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысатын «Mercury Properties» ЖШС, және де «Қамқор» компаниялар тобы – «Қамқор Менеджмент» ЖШС, «Қамқор Локомотив», «Теміржол-энерго» және т.б. кіреді.