Halyq Uni логотип
×

«Тоқаев сөзін мұқият таңдады» - Батыс медиасы Тоқаевтың мәлімдемесі туралы

Президенттің Петербордағы мәлімдемесін Батыс басылымдары жарыса жазды

 Ая Өміртай 20.06.2022 | 15:36
«Тоқаев сөзін мұқият таңдады» - Батыс медиасы Тоқаевтың мәлімдемесі туралы
Коллаж: Halyq Uni

Санкт-Петербургтегі форум кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның «ДХР» және «ЛХР» аймақтарына қатысты тәуелсіздігін мойындамайтыны туралы айтқан мәлімдемесін Қазақстан қоғамы қызу талқылады. Жұртшылық арасында «батыл шешім» деп қабылдағандар да, «Мәскеумен келісілген болуы мүмкін» деген күмәнмен қарағандар бар.

Батыс басылымдарының жазуынша, Санкт-Петербург конференциясына жылда батыс компанияларының басшылары ағылып келетін болса, биыл Еуропа мен АҚШ-тан келген қонақтар қатары аз. Оның орнына, Талибан басқаратын Ауғанстаннан келген шағын делегация ресейлік БАҚ-та басты тақырыптарға айналды. Батыс баспасөзі атап өткендей, Тоқаев өз мәлімдемесінде Ресейге қандай да бір «қолдау көрсетуден бас тарта отырып, мұқият жауап берді».

РЕСЕЙДІҢ ҰСТАНЫМЫН ӨЗГЕ ОДАҚТАСТАРЫ ҚАЙТАЛАМАДЫ

The Guardian басылымы форумда Ресейдің саяси және іскер элитасының алдында сөйлеген Путиннің әрекетін «ойламсыз және бейғам» санкцияларды жеңе алатынына сендіргісі келді деп атады. Басылымның жазуынша, биылғы жиынға әлемдік қаржы элитасының аз бөлігі ғана қатысқан. 

«Көрнекті шетелдік қатысушылардың арасында Орталық Африка Республикасынан келген делегаттар мен Куба, Венесуэла және Мьянма шенеуніктері, сондай-ақ Талибан мүшелері болды.

Жұма күні Путинмен бірге сахнаға шыққан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Бір сағаттан астам уақытқа созылған сөзінде Путин Батыс инфляциясының шарықтау себептерін жұртшылықты алаңдату үшін өз елдеріндегі экономикалық күйзелістерді Украинадағы соғыспен жалған байланыстырып жатқанын қайталауға тырысты», деп жазды The Guardian. 

Ал The Washington Post газеті Украинаның шығысындағы «ДХР» және «ЛХР» аймақтарына қатысты Ресейдің ұстанымын өзге одақтастары қайталамағанын атап өтті. 

Ресей Украинаға әскер жіберуден бірнеше күн бұрын екі аймақты тәуелсіз мемлекет ретінде мойындады, бұл қадамды одақтастарының ешқайсысы әлі қайталаған жоқ. Жұма күні Санкт-Петербург форумында Путинмен бірге сахнаға шыққан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия халқының мұндай әрекетке баруы екіталай екенін айтып, өзін-өзі жариялаған республикаларды «квазимемлекеттік аумақтар» деп атады, - деп жазды газет.

Мақалада айтылғандай, форумда айтылған оптимизмге қарамастан, Ресей экономикасы биыл 15%-ға төмендейді деп күтіліп отыр және бірқатар танымал ресейлік бизнесмендер мен олигархтар аталған жиынға қатыспауды жөн көрген. 

«ТОҚАЕВ МЫРЗА АЙТАР СӨЗІН МҰҚИЯТ ТАҢДАДЫ»

The New York Times газеті «Путин Ресейдің жақын одақтасы болған, бірақ Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын бұзбайтынын мәлімдеген бұрынғы кеңестік республика Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен сахнаны бөлісіп отырды» деп жазды.

Басылымның жазуынша, Кремльдің Украинадағы «арнайы әскери операциясына» деген көзқарасы туралы сұраққа Тоқаев мырза қолдау көрсетуден бас тарта отырып, айтар сөзін мұқият таңдады. 

Оның айтуынша, Грузияның Ресей қолдайтын сепараттық анклавтары сияқты, Қазақстан Украинаның шығысындағы Ресей қолдап отырған «квазимемлекеттік аумақтарды» мойындамайды, деген мақала авторы Путинді соғыс уағындағы кейпін бермеді деп суреттеді.

«Босаңсыған әрі жиі жымиятын Путин соғыс кезіндегі президенттің кейпін бермеді. Оның орнына ол экономикаға назар аударып, «Ресей батыстық импорт пен инвестицияны оңай алмастыра алады» деген пікір білдірді», деп жазды. 

КРЕМЛЬ ҮШІН КҮТПЕГЕН МӘЛІМДЕМЕ

Осыған жалғас пікірді қозғаған Bloomberg арнасы Украинадағы соғысты халықаралық құқыққа сәйкес ақтауға тырысқан Путинмен қасында отырған негізгі одақтасы дипломатиялық тұрғыдан келіспегенін алға тартады.

Арнаның жазуынша, Кремль қаржыландыратын RT телеарнасының бас редакторы, модератор Маргарита Симоньян президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресейдің көзқарасын қолдайтын-қолдамайтыны туралы сауал қойып, қыспаққа алды. Мақала авторы Тоқаевтың Луганск пен Донецк сияқты квазимемлекеттік аумақтарды Қазақстанның мойындамайтынын айта келе, Кремль үшін күтпеген мәлімдеме болғанын атады.

«Путинді оқшаулауға бағытталған Еуропа мен АҚШ-тың санкцияларын ескермей жатқанын көрсетуге тырысқан Кремль үшін сирек диссонанс болды. Бұл есте қаларлық жағдай, өйткені Путин қаңтарда Тоқаевтың өтініші бойынша Қазақстанға әскерилер жіберіп, төңкерісті жоюға көмектесті. Ресей мен Қазақстан да ЕуроОдаққа бәсекелес Мәскеу бастаған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше», делінген мақалада. 

Аталған жиындағы «Украинаның Еуроодақ құрамына кіруі Еуразиялық экономикалық одаққа зиян келтіруі екіталай» деген Тоқаев пен Путиннің екеуара пікір алмасуындағы интеграция мәселелеріне қатысты қарама-қайшылықты көзқарастары БАҚ беттерінде көп талқыланды. Мәселен, Ураинадағы төңкеріске қатыстыра сөзін жалғаған Путин Кеңес Одағын – тарихи Ресей деп атай келе, Қазақстанмен бауырластық қатынаста екенін жеткізді.

«Біз Қазақстанмен одақтастық қарым-қатынастамыз, бауырластық десек те болады, біз бір қорғаныс блогының – ҰҚШҰ-ның мүшесіміз, бір экономикалық ұйымның мүшесіміз. Кез келген мәселе бойынша Қазақстанмен қарым-қатынасты бұзуды Ресейде кім ойлайды? Бұл бос сөз. Айтпақшы, Қырымда да проблема болмас еді. Өйткені онда тұратын халықтың, орыстілді халықтың құқығы сақталса, орыс тілі мен мәдениеті құрметтелсе, ешкімнің ойына да келмес еді. Олар бәрін өз қолдарымен жасады», деді Путин.

Бұдан соң президент Тоқаев ТМД мемлекеттерінің қауіпсіздігі мен Ресей Федерациясына құрметпен қарауы үшін жауапкершілік ең алдымен Ресейдің өзіне жүктелген міндет екенін айтты.

«Біздің азаматтардың Ресейге оң көзқараспен, Ресей Федерациясына құрметпен қарауы үшін Ресейге ерекше жауапкершілік жүктеледі. Осы мінберді пайдалана отырып, орынсыз болса да, соған қарамастан бірқатар ресейлік депутаттардың мәлімдемелеріне қатысты кейбір шағымдарды айтқым келеді. Журналистердің, тіпті мәдениет қайраткерлерінің тарапынан Қазақстан туралы мүлде қате, дұрыс емес мәлімдемелер айтылды дер едім. Мен Владимир Владимировичке алғыс айтамын. Ол бүгін жоғары басшылықтың, ең алдымен, Кремльдің Қазақстанға да, басқа мемлекеттерге де, әсіресе, менің еліме қатысты ұстанымын жан-жақты баяндап берді», деді Тоқаев. 

Ол ешбір жағдайда оқшаулануға, қорғанысқа көшуге болмайтынын, керісінше нарықтарға шығу қажеттігін атады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама