Қорғаныс министрі әскерге шақыруға қатысты түсінік берді
Кез келген азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Парламент отырысында жас әкелер мен студенттерге неліктен әскерге шақыру қағаздарының келіп жатқанын түсіндірді.
Ол 18 жастан бастап кез келген азамат әскери борышын өтеуге міндетті екенін айтты. Сонымен бірге ол армияға баруға міндеттелмейтін жағдайлар бар екенін, азаматтардың әскери борышын өтеу мерзімін кейінге қалдыру шешімін жергілікті әскери комиссариат қабылдайтынын атап өтті.
Бізде жастардың жасырынып, әскерден қашуы өте көп кездеседі. Бұл дұрыс емес. Заңды орындау керек, - деді министр.
Осы ретте, ол оқуға түскені туралы құжатын жергілікті әскери басқару органдарына уақытында бермесе студенттің атына әскерге шақырту қағазы келуі мүмкін екенін ескертті.
Бұл жас әкелерге де қатысты. Егер сізде әскери борышыңызды өтеуді кейінге қалдыруға қақыңыз болса, балалы болғаныңыз туралы құжат беруіңіз керек. Сонда оны әскерге шақыру кейінге шегеріледі. Егер сіз университетке түссеңіз, әскери борышыңызды өтеу кейінге қалдырылады. Тек жергілікті әскери басқару органына құжаттарды уақытылы тапсыруыңыз керек. Сонда әскерге шақыру қағазы келмейді. Ал біз тығыла бастаймыз, - деп жауап берді Руслан Жақсылықов.
Сонымен бірге ол әскерге шақыру беру кезінде де заңбұзушылықтардың болуы мүмкін екенін жасырмады. Мұндай кезде әрбір жағдай жеке тексерілетінін атап өтті.