«Барыс» ХК шабуылшысының бір жылдық жалақысы 390 млн теңгеден асады
Бұған дейін «Барыс» командасын оның әкесі жаттықтырған
Қазақстандық «Барыс» хоккей клубының шабуылшысы Никита Михайлис командамен жаңа келісімшартқа қол қойды. Жаңа келісім бойынша ол жылына 50 млн рубль (шамамен 870 мың доллар) жалақы алатын болыпты. Бұл ақпаратты Ресейдің «Спорт-экспресс» басылымы таратты.
Ал оны теңгеге шаққанда, Никита Михайлис бір жылда 390 миллион теңгеден астам жалақы алғалы отыр. Бұл әлеуметтік желіде көптеген жанкүйердің ренішін тудырды. Мысалы, Sports.kz порталының әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандар өз пікірлерін бөліскен.
Бұл ақшаны қайдан алады? Маған «Барысты» кім қаржыландыратыны қызық болып тұр», «Хоккей деген жақсы, әрине. Бірақ елде бұл ақшаны қажет ететін өзге де нәрселер бар ғой» дегендей пікірлерді қарша боратып жатыр қазақстандықтар.
Еске сала кетсек, өткен маусымда Никита Михайлис Құрлықтық хоккей лигасында 47 матч өткізіп, 44 ұпай жинаған. Бұған дейін «Барыс» командасын оның әкесі Юрий Михайлис жаттықтырған болатын.