×

«Мәсімовтің қатысы бар»: Семейде алтын ұрлау бойынша ұсталғандардың азапталып жатқаны айтылды

Қамаудағы азаматтардың туыстары арнайы брифинг өткізіп, ҚР президентінен көмек сұрады

 Айнұр Шошаева 18.06.2022 | 20:27
фото: Halyq Uni

Бір жыл бұрын Семей қаласында алтын ұрлады деген күдікпен қамауға алынған бір топ азаматтың туыстары тергеу изоляторында азапталып жатқанын айтады. Қамауға алынған 37 адамның 28-і ҰҚК орталық аппараты мен шекара қызметінің қызметкерлері азаптағанын айтып, шағымданған.

2021 жылдың басында Семейдегі «Алел» қаржылық-инвестициялық корпорациясынан алтын ұрлады деген күдіктен 70-ке жуық азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қамауға алынған азаматтың бірі Атыбай Әбеуовтің қарындасы - Алтынай Әбеуова тергеу органдары бірнеше ай бойы ұсталғандарды азаптап, адвокаттан бас тартуға мәжбүрлегенін айтады.

«2021 жылдың 13 наурызында менің ағамды және бірнеше азаматты ұстап, ұшақпен Нұр-Сұлтан қаласына алып келген. Ұшақта басына қап кигізіп, қолдарын скотчпен байлап, жол бойы ұрған. ҚР ҰҚК қызметкерлері дубинка, ағаш таяқпен ұрып, ауыздарына су қайнатқыш тыққан. Тәулігіне 20 сағаттан бір орынға тұрғызып, ұйықтатпай қойғанын айтты. Басын унитазға тығып, отбасы жалдаған адвокаттардан бас тартуға мәжбүрлеп, мемлекеттік қорғаушыларды берген. Үстіне суық су құйып, жалаңаш күйде аязға шығарып қинады. Осылайша өздері істемеген қылмысты мойындатып келді», - деді Алтынай Әбеуова елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Туысының айтуынша, Атығай Әбеуовті қарындасына телефон шалып, тергеушіге 40 мың доллар тауып әкелуін сұраған. Ол мұны тергеушілердің қысымымен жасады деп отыр.

Мен ол ақшаны қарызға алдым. Оны дәлелдей аламын. Ағам звондап «тап!» деген соң туыстардан қарызға алдым. Әркімнен жалынып жүріп 40 мың доллар жинадым. Ертеңгі күні ҰҚКД апарып бердім. Маған протокол берді, - деп қосты ол.

Бұған қоса, ұсталған азаматтардың туыстары бұл істің артында ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен жуырда қамауға алынған Қайрат Сатыбалдының қатысы бар деп есептейді.

«Тергеушілер ағаларымызға тергеу кезінде аталған іс ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің бақылауында тұрғанын айтқан. Тіпті, Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев Мәсімовке звондап, қылмыстық істі ашқаны үшін алғыс білдіргенін айтып қалған. Ұсталған азаматтардың жартысының еш кінәсі жоқ. Олардың көбі қарапайым күзетші, оператор болып істеген. Ұсталған азаматтарды қинағанымен қоймай, олардың бостандықта жүрген отбасыларына да қысым жасап жатыр. Мысалы, Ақтемір деген қызметкерді ұрып-соғып қысым жасады. Ол өзіне қол салды, қорада асылып тұрғанын баласы тауып алды. Артында қалған әйелі шындық үшін күресіп жүргенде Семейде комитет қызметкерлері оған да қоқан-лоқы жасады. Баласының өмірі үшін қауіптенген әйел ақыры арызын қайтып алды», - дейді Әбеуова.

Брифинг спикерлері тергеу ісінде «Алел» ҚИК АҚ-на келтірілген залал сомасы көрсетілмегенін айтады. Ал ҰҚК залал сомасын 5 млрд теңге деп есептеп отыр екен.

«Бастапқыда қылмыстық істі ІІМ Әскери тергеу басқармасы қозғады. Қазір іс Антикорда, физикалық және психикалық күш қолдану фактісі қазір сотқа дейінгі тергеу органдары тексеріп жатыр. Мен бұл іске 2021 жылдың тамыз айында кірістім, алайда алғашқы екі апта қорғауымдағы азаматқа кіре алмадым. Бір қызығы ІІМ ҚАЖ ведомствосына қарайтын ЕЦ 166/1 тергеу изоляторындағы менің қорғауымдағы және осы іс бойынша ұсталған басқа да азаматтарды ҰҚК шекара қызметінің қызметкерлері күзеткені таңғалдырды. Биыл наурыз айында көптеген шағымнан кейін шекара қызметінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал барлық шағымда ҰҚК орталық аппаратының лауазымды тұлғаларының қатысы бары айтылған болатын», - дейді адвокат Бейбітжан Сайлауұлы.

Оның айтуынша, бүгінге дейін ұсталған азаматтарды азаптау бойынша қылмыстық іс қозғалған, алайда кінәлілерге айып тағылмапты.

«Менің қорғауымдағы азаматтар ұрлықтың бірнеше эпизоды бойынша кінәсін мойындап отыр. Қалған күштеп айтқызған айыптарды мойындамайды. Азаптаған қызметкерлердің бәрін таныды. Бірақ осы уақытқа дейін олардың ешқайсысы күдікті ден танылмаған, тіпті қорғалуға құқықы бар куәгер ретінде шақырылмады. Тергеуші мен прокуратура органдары сараптама қорытындысын алу керек дейді. Содан кейін ғана олар күдікті деп танылып, оларға қатысты процессуалдық шешім қабылданады», - деп қосты адвокат.

Алтын ұрлау бойынша ұсталған азаматтың бірі Қаукен Өмірбаевтың қарындасы Құралай Өмірбаева компаниядағы ұрлыққа мекеме басшылығының қатысы бар деген пікір айтып отыр.

«Компания бірде-бір рет ұрлық туралы шағым айтпаған. Алтын жетіспеушілігі анықталмаған, қызметкерлеріне тұрақты сыйақы беріп отырған. Компанияның басшылығынан бастап алтын рудасын ұрлап келген, ал қазір оның бәрін біздің туыстарымызға жауып отыр. Менің ағам ол компанияда жұмыс істемеген, ол астанада тұратын. Олардың бұл қылмысқа қатысы бар, бірақ қазір тергеу органдары айтқандай көп емес. Алтынды кімге сатқанын білмейміз», - деді Құралай Өмірбаева.

Аталған қылмыстық іске құпия грифі берілген. Бұған ұсталған азаматтардың туыстары наразылық танытты.

«Бұл іске құпия грифі неге берілді? Бұл жай ғана ұрлық. Неге ІІМ емес, ҰҚК айналысып жатыр? Демек, біздің ойымызша құпия грифі берілсе, дәлел жоқ деген сөз. Сол арқылы біздің аузымызды жауып отыр. Балаларымыз істегендерін мойындағанымен бірге, ұрып-соққан соң істемеген қылмысты мойнына алып отыр. Менің ұлым тамырын кесіп, өзіне қол салмақ болды. Оған неліктен барды? «Мама, мен шаршадым» дейді. Алдымен азаптау бойынша істі аяғына жеткізіп, нәтиже шығару керек. Сосын барып айып тақсын», - дейді Шолпан Жақыпова. 

Ұсталған азаматтардың туыстары өз өмірі үшін қорқатынын айтып отыр.

«Біз ағаларымыз кінәсіз деп отырған жоқпыз. Біз президент Тоқаев пен Қазақстан халқынан оларды тек өздері істеген қылмыстары үшін соттауды сұраймыз. Азаптау арқылы мойындарына іліп берген қылмыс үшін сотталуына қарсымыз. Бізде жеткілікті айқақ бар. Егер бүгінгі баспасөз мәслихатынан кейін біздің өмірімізге немесе туғандарымызға қастандық жасалса, ҰҚК басшысы Жанатбек Тәңірберді мен осы іске қатысы бар басқа азаматтарды кінәлауды сұраймыз. Видео және аудиожазбалары бар дәлелдемалердің көшірмелері біздің әрбір туысымызда бар», - деп қосты ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама