×

«Құрылтай – қоғамның демократиялық қағидалармен өмір сүре бастағанын аңғартады» – Исламбек Салжанов

Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы Түркістанда өтеді

 Қанат Атаманов 16.06.2022 | 20:11
Фото: ашық дереккөздерден

«Аltyn Qyran» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов Facebook-тегі жеке парақшасында киелі Ұлытаудың топырағында, Жошы хан тарихи-мемориалды кешенінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысынан алып шыққан ой-тұжырымдарымен бөлісті.

Осындай мемлекеттік деңгейдегі аса маңызды саяси шараның Сарыарқаның төрінде – қазақтың хан-сұлтандарының ізі қалған сайын даланың төсінде өткізілуінің мәні тереңде жатыр. Ерте заманнан құрылтай ел тағдыры шешілетін аса маңызды оқиғалар алдында шақырылған. Ұлттық құрылтай жаңа Қазақстанды құруға тұтас елді жұмылдыру үшін құрылды, - деді Ұлттық құрылтайдың мүшесі.

Исламбек Салжановтың ойынша, бұл құрылтай – әділетті Қазақстанды құруға қажетті батыл да жасампаз идеяларды ұсынатын орта болса, Ұлытау – Президент айтпақшы, Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бірліктің символына айналды.

«Меніңше, Ұлттық құрылтайдың өзі – қазақстандық қоғамның демократиялық қағидалармен өмір сүре бастағанын аңғартады. Президент оның электронды нұсқасын жасауды тапсырды. Енді Qurultay деген арнайы мобильді қосымшасы арқылы кез келген адам Әділетті Қазақстанды құру жолдары туралы өз ұсынысын жеткізе алады. Бұл – Жаңа Қазақстанда әрбір азаматтың ой-пікірі маңызды деген сөз», - деді Исламбек Салжанов.

Бүгін ел президенті Әулиетау етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды ұсынды.

«Осы жолы Президент халық үніне құлақ асатын мемлекетке айналғанымызды көрсетті. Оның дәлелі – Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде қазіргі кезде қоғамдық пікірді алаңдатқан өткір мәселелердің барлығына дерлік жауап берді. Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашу туралы ұсынысы – Көк туымыздың қадірін қашырған оқиға туралы қоғамдағы соңғы талқылауларға жауап. 25 қазанды Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтарып, Егемендік күні деп белгілеу туралы шешім – көзі қарақты азаматтар көптен бері айтып жүрген мәселе», – деді қоғамдық институттың мүшесі.

Бұдан бөлек, ұлттық тарихтың көптомдығын әзірлеу, зияткерлік қабілеті жоғары, ойы ұшқыр, еңбекқор жастар тәрбиесін жолға қою, Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсыру – қоғамдық сұраныстан туындаған шешімдер.

«Президенттің «Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек» деген сөзі – қоғамдағы ең үлкен түйткілдердің біріне тойтарыс беруі. Шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтарумен айналысатын арнаулы мекемеаралық комиссия құру туралы шешім – әділ қоғамдағы баршаға тең қарау қағидасымен үйлеседі. Президент «ескі Қазақстанның» кадрлерін біртіндеп ауыстыру туралы да астарлап айтып өтті. Ендеше, осы Құрылтайдан көптің көкейіндегі көп түйткілге жауап алдық деп ойлаймын», – деп қосты Исламбек Салжанов.

Құрылтайда арқалы ақын Мұхтар Шаханов Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның Еңбек ері» атағын алды.

Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы рухани астанамыз – Түркістанда өтеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама