Бұрынғы жағдай мен қазіргі кезді салыстыруға келмейді
Ұлытау облысында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілге қатысты мәлімдеме жасады.
Ол мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келе жатқанын, мемлекеттік рәміздерге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс екенін атап өтті.
«Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Шын мәнінде, бұрынғы жағдай мен қазіргі кезді мүлдем салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте, ол жақында әйгілі «APPLE» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосқанын айтты.
«Әлемнің 40 тілінде тарайтын «NICKEL ODEОN» телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы 6 жылдан бері ана тілімізде шығып жатыр. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек», - деді Мемлекет басшысы.