Орталық Азия елдері бір жұдырыққа жұмылғанда ғана Ресейге төтеп береді
Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстанның Еуразиялық одақ пен ҰҚШҰ қатарынан шықсам деген ұмтылысы Ресей өкіметінің көңіліне кірбің ұялатуы мүмкін екенін айтты.
«Сол себепті Ресей Қазақстанға шүйлігіп, оны жау ретінде қабылдауы мүмкін», - деді ол.
Бұл туралы сарапшы Facebook-те жазды.
Оның айтуынша, Ақорда осыдан қорқады. Ресеймен араздықтың соңы ұрыс-керіс пен айғай-шуға ұласуынан қауіптенеді.
«Тоқаевтың кешегі сұхбаты да осы сценарийдің алдын-алып, Кремльдің көңілін аулау үшін жасалған амал-айла. Сондықтан ол «Россия-24» арнасы арқылы солтүстіктегі көршімізге Еуразиялық одақ пен ҰҚШҰ қатарынан шықпайтынын білдірді.
Экс-президент Назарбаев елді Ресейдің қақпанына түсіріп, тығырыққа тіреп кетті. Екінші президент осы қақпаннан қалай шығарын білмей, әуреленіп жүр. Қазір қолдан келері Мәскеумен келіссөз жүргізетін қазақстандық дипломаттардың сапалық құрамын шыңдау. Антиресейлік санкциялардың кесірі бізге де тиіп кетпейтіндей, елдің ұлттық мүддесін жата-жастана қорғайтын «келіссөзшілер» командасын жасақтар болсақ, мұның өзі жарым-жартылай жеңіс», – деді Сәтпаев.
Сонымен бірге ол Тоқаевтың кешегі сұхбатында Сцилла мен Харибданы бекер мысалға келтірмегенін айтты.
«Гректің ежелгі аңызында Сцилламен шайқаста Одиссей жасағының тең жартысынан айырылған еді. Теңіз құбыжығы Одиссей сарбаздарын шайнамай жұтқан болатын.
Қазақстан президенті арнайы қатысқан Петербор экономикалық форумының атауы да «Жаңа әлем – жаңа мүмкіндіктер» деп аталғаны тегін емес. Осыдан-ақ, Ресейдің басқыншылық саясаты Украинамен шектелмей тұрғаны көрініп тұр. «Орыс әлемі» бетпердесін сыпырып тастады. Бұл Сцилламен мен Одиссейдің шайқасын көрсетеді», - деді ол.
Одан әрі сарапшы қазіргі Ресей билігінің көрші елдерді басып алуда Украинамен шектелмейтінін, Кеңестік доктрина бойынша бұрынғы одағының құрамында болған республикаларға, сондай-ақ, Орталық-Шығыс Еуропаның кез-келген елге тұтқиылдан басып кіруі, шапқыншылық жасауы мүмкін екенін ескертті.
«Мұндай жағдай Грузияда болған. Қазір оны Украина сезініп жатыр. Сондықтан Қазақстан билігі бұл жағдайдан сабақ алып, Ресеймен қырғи-қабақ болғанды қаламайды. Қазақстанға бұған балама саясат жоқ десе болады. Біздің елге геосаяси тұрақтылықты сақтап тұру үшін түркі елдерімен арадағы экономикалық және әскери-саяси әріптестікті жеделдетіп жетілдіру қажет. Екіншіден, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерімен, оның ішінде Өзбекстанмен тығыз байланыс орнату керек. Мұндай тығыз қарым-қатынас Еуропа одағында Германия мен Францияның арасында орнаған. Орталық Азия елдері бір жұдырыққа жұмылғанда ғана Ресейге төтеп береді», – деді Сәтпаев.