Жаңа Қазақстан бір жылда құрылмайды
Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысында өтіп жатқан Ұлттық құрылтай жаңа Қазақстанның бір күнде немесе бір жылда құрылмайтынын айтты. Ол сондай-ақ, құрылтайдың неге шақырылғанына түсінік берді.
Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайды. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін қиын әрі ұзақ үдеріс. Мұны іске асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ қана алға қойған мақсатымызға жетеміз. Сол себепті, мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім, - деді ол.
Одан кейін Президент құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін айтты.
Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырына әсер еткен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге ол Ұлттық құрылтай қарсаңында еліміздің ертеңі үшін арнайы ниет етіп, Жошы хан бабамыздың рухына бағыштап құрбандық шалғанын айтты.