Halyq Uni логотип
×

«Заңды лингвистер аудармауға тиіс»: сарапшы құқықтық хаос неден шығатынын түсіндірді

Заңгер «қылмыстық заң» деген тіркестің қате екенін айтады

 Айгерім Таубай 19.12.2024 | 15:46
«Заңды лингвистер аудармауға тиіс»: сарапшы құқықтық хаос неден шығатынын түсіндірді
Коллаж Halyq Uni

Елімізде «Қылмыс заңы» кітабы жарық көрді. Еңбек қылмыс заңдарының эволюциясын қамтып, педагог-заңгер Сейдәзім Кәдірбайұлы мен Алаш зиялысы Жаһанша Досмұхамедұлы нұсқасының негізінде жазылған. Кітап авторларының бірі заң ғылымдарының кандидаты Алмас Жұмағалидің сөзінше, 20 ғасырдағы заңдарда «қылмыс» тіркесі қазіргіге қарағанда дұрыс қолданылған. Ал қазір қолданыстағы «Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексі» деген заң атауында қате бар екенін айтады. Маманның сөзінше, калька тіркеске көпшілік үйреніп кеткен. Алайда бұл олқылықты түзеуге кеш емес. Заңгер бұл туралы Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты. 

Сондай-ақ жеке құқық профессоры Марат Ахмади құқықтық әдебиетке қатысты маңызды мәселені көтерді. Оның сөзінше, заң саласында білім алып жүрген студенттер заңдардағы әртүрлі қолданыстармен жиі бетпе-бет келеді.

«Қылмыс заңы» кітабы қылмыс заңдарының эволюциясы деген айдармен шығып отыр. Эволюция болғандықтан «Жеті жарғы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолынан» бастауға тырыстық. Қысқа ғана шолып өтіп, одан кейін Алашорда үкіметіне ауыстық. Әрі қарай 1922 жылғы қылмыс заңына ауыстық. Бұдан кейін 1926 жылғы қылмыс заңын дайындап жатырмыз. 1959 жылғы қылмыстық кодекс бар, одан кейін 1997 жылғы заң бар. Эволюция қазір қолданыстағы 2014 жылғы заңмен тұйықталып тұр. Бұл заңдар ғылыми айналымға енбеген. Кириллица қарпімен бірінші рет жазылып отыр. Бұл заңдар төте жазумен жазылған, сол күйі қалған», - дейді Алмас Жұмағали.

Ал Марат Ахмади кейінгі жылдары құқық саласына қатысты сапалы еңбектер шығып жатқанына назар аударды.

Қазақстанда құқықтық білім беру барысында қазақша әдебиет табу мәселесі бар. Кітап жоқтың қасы. Кітап дүкеніндегі құқық саласына қатысты кітаптың дені орыс тілінде, сатылымдағы қазақша кітаптардың сапасына да көптеген сұрақ бар. Осы мәселені шешу мақсатында Мақсұт Нәрікбаев университетінде «жаңартылған мазмұндағы кітаптар» деген бағдарлама ашылды. Соның аясында профессорлардың сапалы кітаптарын шығартып, студенттерге ұсынып жатырмыз, - дейді Марат Ахмади.

Айтуынша, елімізде құқықтық әдебиет жоқ, ал заңның өзі алдымен орыс тілінде жазылып, содан кейін қазақшаға аударылады.

«Заңды лингвистер аударады, содан кейін бір заңдағы термин екінші заңдағы терминге ұқсамайды. Мұның бәрі құқықтық хаос. Азаматтар емес, құқықтық білім алып жатқан студенттердің өзі заңдарды түсінбейтін жағдайға жеттік», – дейді Ахмади.

«ҚЫЛМЫСТЫҚ» СӨЗІ ҚАТЕ ҚОЛДАНЫЛЫП ЖҮР МЕ?

Заңгер Алмас Жұмағали көпшіліктің «қылмыстық кодекс», «қылмыстық заң» деген тіркестен еш сөкеттік көрмейтінін айтып өтті. Себебі бұл қолданысқа еніп кеткен. Тіпті заң «Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексі» деп аталады.

1922 жылғы Қазақ автономиясындағы Сейдәзім Кәдірбайұлының нұсқасында да «қылмыс заңы», Түркістан автономиясындағы Жаһанша Досмұхамедұлының нұсқасында да «қылмыс заңы» деп қолданылған. Содан неге мұны «қылмыстық заң» деп қолданбаған деген сұрақ туды. Логикаға салсақ, «қылмыстық әрекет» «преступные действия», «қылмыстық мақсат» «преступная цель». Онда «қылмыстық заң» неге «преступный закон» емес? Ал біз қолданып жүрген «уголовный» сөзі «қылмыстық» деген мағынаны білдірмейді. Ол «голова» сөзінен шығып, адамның басын кесу, жазалау деген мағынаны береді. Демек, «уголовный закон» «жазалайтын заң» деген мағынаны беріп отыр. Ал біздің санамызға «уголовный» аясындағының бәрі «қылмыстық» болып еніп кеткен, - дейді Жұмағали.

Айтуынша, 2012-2014 жылы қылмыстық кодекст қабылданатын кезде «уголовный поступок» деген институт енгізілді. Бұл «қылмыстық теріс қылық» деп қолданылып жүр.

«Уголовное правонарушения подразделяются на уголовные преступления и уголовные проступки» делінді. Содан кейін қазақшаға аударатын кезде қиналды. «Қылмыстық құқықбұзушылықтар екіге бөлінеді: қылмыстық қылмыс және қылмыстық теріс қылық. Тавтология болды. «Қылмыстық қылмыс» деген тіркес үйлеспейтінін білді де, «уголовный» деген сөзді алып тастады. «Қылмыстық құқықбұзушылықтар екіге бөлінеді: қылмыс және қылмыстық теріс қылық» деп жазды. Уголовные преступления деген тіркес орыс тілінде бар, қазақ тілінде жоқ. Алайда оның да аудармасын жасауға болады. Уголовное преступление – жазаланатын қылмыс», - дейді Алмас Жұмағали.

Марат Ахмади қазақ тіліндегі заңды аудару, қолдану барысында жанында міндетті түрде орыс тіліндегі нұсқасы тұратынына назар аударды.

«Қазір заңнамадағы кальканың бәрі осыдан шығады. Орыс тіліне ғана емес, ағылшын тіліндегі нұсқасына, немісшесіне де қарауға болады. Оған біздің өреміз жетпейді. Содан не істейміз? Тек қана орысшасына қараймыз. 1922 жылғы қылмыс заңының бізге қандай пайдасы бар деген сұрақ туындауы мүмкін. 100 жылдан астам уақыт өткен, орысша жазылған заң. Бірақ бұл сол кезде қазақ тіліне төте жазумен аударылған. Мұның қылмыстық құқық ғылымына берері көп. Бұл – бір. Екіншіден, қазақ құқығының терминологиясына аларымыз көп. Заңда көп қолданылатын «исключения» деген сөз бар. Орыс тіліндегі «свежий» деген сөз сияқты мұның да баламасын таба алмай жүрдік. Қазақшадан таба алмай, орысшасын қолданғымыз келмей, түрікшеден алдық. Осы кітаптың ішінен Алмас мырза «тысқарлық» деген сөзді тапты. Бар қазақ түсінетін сөз», - дейді Ахмади.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама