«ҚазМұнайГаз» төрағасына телефон шалғаннан гөрі Құдайға хабарласқан жеңіл – депутат

Дәурен Ерболат

Мәжілісмен компания басшысына наразылығын білдірді

фото: Жоғары аудиторлық палата

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновке қоңырау шалып, хабарласа алмағанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, мұнайдың дәуірі аяқталуға жақын.

Елге «Жаңа Қазақстан» келгеннен бері мұнайдың қызығын кім көріп отыр? деген сұрақ әлі күнге дейін мазалайды. Мысалы, «Қаражанбасмұнай» АҚ компаниясы бар. Одан «Каспий Шиппинг» деген қазақстандық компания тендер жеңіп алған. Оның орнында бұрын «Еуразия» деген Қазақстан олигархтарына тиесілі компания болған. Енді «Қаражанбасмұнай» 3 ай бойы («Каспий Шиппингті») өз жұмысына кіргізбей жүр. Дәл қазір елімізде осындай жағдай болып жатыр, – деді Саиров Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Депутат аталған мәселе бойынша  «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновке хабарласқанын, бірақ сөйлесе алмағанын жеткізді.

«Осында отырған «Қазмұнайгаз» АҚ басшысына телефон соғып, сөйлесу мүмкін емес. Менің ойымша, осы жерде отырған адамға телефон шалғаннан гөрі Құдайға хабарласқан жеңіл. Қазір Қазақстанда көзімізше осындай мәселе болып жатыр. Сонда «Жаңа Қазақстан» кім үшін? деген сұрақ туады», – деді ол.

Асхат Хасенов отырыста болса да, бұған қатысты пікір білдірмеді.