Елдегі мұнай қорының жалпы көлемі – 4,3 млрд тонна
15 жылдан кейін елімізде мұнай-газ өндіру көлемі төмендейді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, қазір мемлекет есебінде 348 көмірсутек шикізатының кен орны бар.
Қазақстандағы мұнай қорының жалпы көлемі – 4,3 млрд тонна. Бұл ретте көмірсутек шикізаты қорының 72%-ы – «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» сияқты ірі кен орындарының үлесінде. Алдағы 10-15 жылдан кейін осы 3 ірі кәсіпорында мұнай-газды өндіру көлемі төмендейтіні анық. Оған қоса, игерудің кеш сатысындағы кен орындарында мұнай-газ өндіру азаяды, кейбірі жұмысын тоқтатады, - деді Еділ Жаңбыршин «Ағымдағы қызмет және мұнай саласының даму перспективасы» тақырыбында өтіп жатқан Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Депутат президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда елімізде геологиялық зерттелу деңгейінінің төмен деп мәлімдегенін еске салды.
«Шындығында академик Қаныш Сатпаевтың кезеңіндегідей, тәуелсіздіктің соңғы 25 жылында жүйелі, масштабты геологиялық зерттеу-барлау жұмыстары жүргізілген жоқ. Қазір қорлардың өсімі сонау Кеңес одағы кезінде ашылған кен орындарын қайта бағалау мен зерттеу есебінен толығып жатыр. Бірақ кейінгі 5 жылдағы мұнай қорларының өсімі орта есеппен 73 млн тонна болса, ал өндіру көлемі 80 млн тоннаға жетті. Яғни, мұнай қорының толығуынан өндіруіміз қазір 7 млн тоннаға артық. Бұл – мұнай-газ саласындағы зерттеу жұмыстары мен өндірудің арасындағы дисбалансты нақты көрсетіп отыр», - деді ол.