×

Қаңтар кезінде Кәрім Мәсімов президентке елден кетуді ұсынған

Қаламгерге бұл мәліметті президент Тоқаевтың өзі әңгімелеп берген

 Ая Өміртай 15.06.2022 | 14:04

Қаңтар қақтығысы кезінде бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елден кетуді ұсынған. Тіпті бұл үшін арнайы ұшақ та дайындап қойыпты. Қаламгерге бұл мәліметті президент Тоқаевтың өзі әңгімелеп берген.

Бұл туралы «Сұрауы бар» Youtube арнасына сұқбат берген жазушы Смағұл Елубай айтты.

«Қаңтар оқиғасы тұсында ол кісіге (президентке) Кәрім Мәсімов бастаған бір топ келген. Олардың бәрі шенді-шекпенділер. Олар «ана жақта ұшағыңыз дайын тұр, жүре беріңіз» деген. Егер олардың сол айтқанына көніп...

Мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузынан естіген сөзімді айтып отырмын. Ол дәл осылай айтты. Мен (мемлекет басшысына) 45 күн бұрын кіріп шыққанмын... «Дайын тұр ұшағыңыз. Сау болыңыз» деген ғой. Кейін бұл кісі (Қасым-Жомарт Тоқаев) іске шындап кірісті де, ертеңінде бүкіл билікті қолына алды. Қауіпсіздік кеңесін қолға алды. Оның көптеген процедурасы болатын. Оған қараған жоқ. Президент қаулы шығарды да билікті қолына алды. Мәсімовті түрмеге отырғызды», - дейді Смағұл Елубай.

Қаламгердің пікірінше, қаңтар оқиғасы кезінде Мемлекет басшысы Қазақстанды тастап кеткенде, елдегі тәртіпсіздің соңы азаматтық соғысқа ұласуы мүмкін еді.

Ол кісі ұшаққа отырып кеткен жағдайда, сатқындық болар еді. Бұл кісі қорықпады. Егер де ұшаққа отырып Қазақстанды тастап кеткенде не болар еді? Бірден азамат соғысы басталар еді, - дейді қаламгер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама