Ермек Сейітбатталов атқарушы органдардың жоспарлар пакеті бар екеніне күмәнмен қарайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрге, Президент әкімшілігінің басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімге Украинадағы жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Украинадағы жағдай қаншалықты ушықты? Оның Қазақстанға қандай әсері болуы мүмкін? Қорғаныс министрлігі мен атқарушы органдар қандай шаралар атқаруы керек? Halyq Uni бұл жайында әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовтан сұрап көрді.
Әскери сарапшының айтуынша, оның бір жайсыз тұсы, құрлықаралық емес, баллистикалық зымыран болып отыр. Сол себепті, тік ұшады да траекториясы біраз қисайып, 40 мың метрден кейін төменге бағыт алады. Құлдилағанда жылдамдығы біраз өсіп, дыбыстың жылдамдығынан бірнеше есе артып кетеді. Сосын атмосфера қабаттарынан өтерде жылдамдығы біраз азайып отырады. Оны әуе қорғанысы күштерінің атып түсіруі өте қиын. Өйткені, көрген жерден атып түсірем дегенше басқа жерде кетіп бара жатады.
Мысалы, горизонтпен біркелкі ұшып келе жатқан зымыранды атып түсіруге болады. Қай елге тиесілі екенін анықтауға болады. Ал «Орешник» сияқты зымырандарды ұстау үшін арнайы радиолокациялық станциялар керек. Бұл зымыранның екі қыры бар. Біріншіден, оның басы бөлшектенеді, сонысы жаман. Бұл дегеніңіз, ядролық соғысқа бір қадам жақындады деген белгі. Ал мынау ядросыз. Екіншіден, (Путин – ред.) гипердыбысты деп айтты. Онысы дұрыс емес, дұрысы дыбыстан жылдам, яғни, дыбыстан 3-4 есе жылдам ұшады. Ал гипердыбыс дегеніміз жылдамдығы дыбыстан 5 және одан да көп есе артық болу керек, – дейді сарапшы.
Дегенмен Путиннің мәлімдемесін салмақсыз сөз деп бағалайтынын айтады. Себебі, бұрынғы әдетіне салып, елдің бәрін қорқытпақшы болды. Бірақ оның сөзінің салмағы жоқ, сырты қампайғанмен іші бос сияқты. Өйткені, оларда қару, техника жасайтын технология мен маман қалмаған, әсіресе, бұл қозғалтқыш құрастыруға қатысты.
Тікұшақтың қозғалтқышын жасай алады, алайда порохты қозғалтқыш, сұйықтықты қозғалтқыш, авиациялық қозғалтқыш жасау қиын. Өткенде «Сармат» деген зымыраны ұшпай жатып жарылды. Менің ойымша, сол қозғалтқыштың дұрыс болмағанынан, себебі, оларда қозғалтқыш технологиясы жетілмеген, – дейді Ермек Сейітбатталов.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Украинадағы ахуалдың ушығуына байланысты еліміздегі тиісті құрылымдарға шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған еді. Соған кейін премьер-министр Олжас Бектенов Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты бірқатар министрлік басшылығымен президенттің негізгі әскери және азаматтық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырмаларын орындау жөнінде жедел кеңес өткізді.
Сарапшының сөзінше, атқарушы биліктің осындай жағдайға арналған өз міндеттері бар.
Әскери жағдайға бір қадам жақындадық. Шынымен айтқанда, президенттен мұндай қадам күтпеген едім. Ол кісі дипломат. Бірақ бірден осындай тапсырма бергені түсініксіз. Бәлкім, біз білмейтін мәліметтері бар шығар. Путиннің мәлімдеме жасау себебі де біздің ҰҚШҰ басшыларымен сөйлескен шығар. Қасым-Жомарт Кемелұлының сол әңгімеден біраз мәліметі бар шығар. Бәлкім, біздің Сыртқы барлау қызметі арқылы алған деректері бар болар. Енді осындай жағдайда қалай қимылдау керек екенін қаншалықты жақсы білетіні көрінеді, – деп қосты ол.
Бірақ сарапшы атқарушы органдар мен ішкі істер саласының оқыс жағдай туындай қалса, оған қауқарлы екеніне күмәні бар екенін жасырмады. Сондықтан әсіресе қорғаныс саласындағылардың көбін орындарынан алып, дұрыс маманданған адамдарды қою керек деген пайымда.
Қазір бифуркация нүктесіне келдік, яғни, осыған дейінгі әдіс-тәсіл жарамайды. Енді қимылдай бастау қажет. Олардың жоспары бұрыннан «А» пакеті, «Б» пакеті болып, іске қосуға дайын тұру керек еді. Ондай құжаттар құпия нөмірмен сақталып тұрады. Жергілікті жерлерде сейфті ашып, сондағы пакетті ашқанда іштерінде не істейтіні түгел жазулы тұруға тиіс. Бірақ сондай пакеттердің бар екеніне күмәндімін. Бар болған күннің өзінде ол басқа соғыс жағдайына арналып, қазіргі жағдайға лайықты болмауы мүмкін, – деген пікірде сарапшы.